Жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарау қажет

294

0

Кеше Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі өтті.

Мәжіліс басталмас бұрын аудан басшысы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы директорының бұйрығымен Қазалы аудандық электр торабының бастығы лауазымына тағайындалған Әнуарбек Кеңесбайұлының қызметіне сәттілік тіледі.

Әкімдік мәжілісінің күн тәртібінде 1 мәселе қаралды. Ол аудан аумағындағы сәулет-қала құрылысын қадағалау жұмыстары туралы болды. Бұл жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев баяндап берді.

Мұнан соң аппарат мәжілісі өтіп, екі мәселе көтерілді. Оның алғашқысы – жұмыспен қамту индикаторларының орындалу барысы туралы болса, ол жөнінде аудандық «Мансап» орталығының директоры Болатбек Баймаханов хабарлама жасады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде кері байланыс орнату жұмыстарын жетілдіру бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы айтып өтті.

Жиында аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Кенжебайұлынан аудандағы құрылыс нысандарының жұмысын сұрады. Оған қоса құрылысы кешеуілдеп келе жатқан ғимараттардың жұмысын жеделдету қажет екенін айтып, назардан тастамауды тапсырды.

Сонымен қатар Әйтеке би кентінде салынып жатқан құрылыстың сапалы жүргізілуін және де инженерлік инфрақұрылым желілерінің бұзылмауын бақылап отыруы қажет екенін ескертіп, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Бұдан бөлек, аудандық «Мансап» орталығының директоры Болатбек Құрманбайұлынан «Алғашқы жұмыс орны» жобасы және жастар тәжірибесі бойынша орындалу көрсеткішін және ауылдық округ әкімдерінен 9 айдың қорытындысы нәтижесінде әлеуметтік жұмыспен қамту бойынша қандай жұмыстар жүріп жатқанын сұрады.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы әлеуметтік желінің ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау және уақыт үнемдеу құралы екеніне тоқталып, желі қолданушылардың арыз-шағымына «Барынша қамту, ашықтық және жедел әрекет ету» аясында жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Мұнымен қоса тұрғындар тарапынан жұмыспен қамту саласына қатысты пікір дұрыс емес екендігін, сол үшін мемлекеттік бағдарламаларды халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру қажеттігін тілге тиек етті.

Аудан басшысы мәжіліс соңында жылу беру маусымының жақындап келе жатқанын ескеріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Оған қоса тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейтінін баяндап, Қазалы ауданының құрылғанына – 95 жыл толуына орай өтетін шараларға жоғары деңгейде дайындық жүргізу керектігін айтты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<