Жүкті әйелдің миына шұғыл ота жасалды

804

0

Елордада жүкті әйелдің миындағы ісікті алу бойынша шұғыл ота жасалды.

Аталған ота пациентке тегін, яғни МӘМС жүйесінде квота бойынша жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ана мен баланың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір апта бұрын жүкті әйел денсаулығына шағымданып, №2 Көпбейінді қалалық ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілді. Онда оның бас сүйегіне МРТ жасалды. Тексеру кезінде 32 жастағы жүкті әйелде ми ісігі анықталды.

Науқас Ұлттық нейрохирургия орталығына, Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер емдеу тактикасын анықтап, ана мен бала үшін барлық ықтимал қауіптерді талқылау үшін тез арада консилиум жинады. Ауруханаға жатқызған кезде әйелдің жүктілік мерзімі 26 аптадан жаңа асқан еді. Оған «Клиникалық декомпенсация, ішкі окклюзиялық гидроцефалия кезеңіндегі ми қысымымен сол жақтағы көпір-мишық бұрышының ісігі» диагнозы қойылды.

Жүкті әйелдің миына шұғыл ота жасалды

«Біз науқасқа шұғыл операция жасадық, Арендт бойынша сол жақтамалық жабық сыртқы түсіру дренажы, содан кейін нейромониторингті қолдана отырып, көпір-мишық бұрышының ісігін микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Көлемі 5*5,5 см болатын үлкен ісік миды қысып, нәтижесінде әйелдің көру қабілеті нашарлай бастаған, тәлтіректеп жүру және басқа да бұзылулар пайда болған. Операцияның қиындығы ісік ми бағанасында орналасқан, мұндай жағдайларда мидың өмірлік маңызды бөліктеріне зақым келтірмеу өте маңызды», деді нейрохирург дәрігер Мұратбек Тілеубергенов.

Шұғыл операцияда құрамында тәжірибелі анестезиолог, нейрофизиолог, трансфузиолог дәрігерлер болған дәрігерлердің мультидисциплинарлық командасы жұмыс істеді. Сондай-ақ операция шарананың жай-күйі мен оның жүрек соғысын функционалдық бағалауды тұрақты жүргізу мақсатында шаранаға КТГ бақылауы жүргізілді.

«Маған осындай күрделі ота жасаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Олардың бәрі мен үшін алаңдады, менің және баламның өмірін құтқаруда үлкен алаңдаушылық сезімі болды. Мен Нейрохирургия орталығы орналасқан елордада тұратыныма қуанамын, операция өте тез, шұғыл өткізілді. Енді тез қалпыма келемін деп үміттенемін, Құдайға шүкір, көру қабілетім қалпына келе бастады. Аздап жүре бастадым. Операция жасаған және менің өмірім мен баламды құтқаруға қатысқандардың барлығына үлкен алғысымды білдіремін!» деді науқас.

Шамамен 5 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Бұл операция пациентке тегін, яғни МӘМС шеңберіндегі квота бойынша жүргізілді. Күрделі операцияны Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург дәрігер Мұратбек Тілеубергенов, анестезиолог дәрігер Оразғали Құрманбаев, нейрофизиолог дәрігер Сәуле Өтеуова және АБҰҒО Акушерство бөлімшесінің меңгерушісі Берік Пірімбетов жасады.

Дәрігерлер атап өткендей, қазір ана мен баланың өміріне ешқандай қауіп жоқ, әйел жүктілігін жалғастыруда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<