Топ-баннер2

Жүрек қалауы

6

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Оны таңдаған адам тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың болашағына бағыт-бағдар көрсетеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, саналы ғұмырын білім саласына арнаған жандардың бірі – тәжірибелі педагог Ұлжанай Палжанова. Бүгінде зейнет демалысында болса да, ол ұстаздық қызметтен қол үзбеген.

Қазіргі уақытта «Бәйтерек» мектебінде бітіруші түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүр. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен білімін шәкірттеріне үйретуді азаматтық әрі кәсіби парызы деп санайды.

Ол кішкентайынан «мектеп» ойнап, ойыншықтарына сабақ түсіндіруді ұнататын. Сан­дарға ерте жастан қы­зығушылық танытқан қыз­дың бұл таңдауын ата-анасы да қолдаған. Мектепті тәмамдаған соң Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педа­гогикалық инс­титутқа түсіп, математика маман­дығын меңгерді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын №43 мектепте бастап, осы білім ордасында 30 жылдан астам уақыт математика пәнінен сабақ беріп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

Тәжірибелі педагог тек сабақ берумен ғана шектелмей, ғылыми-әдіс­темелік жұмыстармен де белсенді айналысты. Оның «Экономикалық мазмұндағы есептер» атты еңбегі мен екі тілде жарық көрген «Математика. 6 сынып» оқу құралы білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар ол «Ұлттық мектептерде білім беру үдерісінің құзыреттілік модулін ғылыми-әдістемелік негізде ұйымдастыруға көшу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік материалдар жинағын дайындауға да үлес қосқан.

Тәжірибелі педагогтің мақалалары қалалық, облыстық және республикалық басылымдарда жарық көріп келеді. Ұзақ жылғы еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша қала әкімінің сертификатын иеленіп, білім саласындағы жоғары марапаттардың бірі – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне таққан.

Ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерінің табысы. Ұлжанай Палжанованың тәрбиесін алған оқушылардың арасында қалалық және облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары аз емес. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты жемісі.

Ол – тек білікті педагог қана емес, өнегелі ана, ардақты әже. Үш ұл тәрбиелеп-өсірген. Қазіргі уақытта сегіз немеренің сүйікті әжесі.

Тәжірибелі педагогтің айтуынша, қазіргі заман мұғалімдеріне қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бүгінгі оқу­шылардың назарын смартфондар, әлеуметтік желілер мен интернет ойындары жиі өзіне тартады. Сондықтан ұстаздар балаларды білімге қызықтыру үшін үнемі ізденіп, сабақтарын жаңа тәсілдермен ұйымдастыруы қажет.

– Әр сабақ міндетті түрде ерекше болуы шарт емес. Бірақ оқушының жадында ұзақ сақталатын бір әсерлі сабақ өткізу – әр ұстаздың басты мақсаты, ‒ дейді ол. ‒ Жақсы сабақ – оқушылардың жанарынан қызығушылықты көрген сәт. Баланың пәнге деген ынтасы оянса, мен өзімді бақытты сезінемін. Сонда ғана ұстаз ретіндегі міндетім орындалды деп есептеймін.

Ұлжанай Нұрмаханқызы сабақ барысында оқушылардың математикалық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ол түрлі викториналар, тесттер, квиздер мен ойын элементтерін қолдана отырып, пәнге деген қызығушылықты арттыруға тырысады. Сонымен қатар шәкірттерімен ашық диалог орнатып, олардың білімге деген талпынысын әрдайым қолдап отырады.

Зейнет жасына жетсе де, ұстаздық жолын жалғастырған Ұлжанай Нұрмаханқызы – білім саласының шынайы жанашыры. Оның өмірлік тәжірибесі мен еңбегі бүгінгі жас мұғалімдер үшін де үлкен үлгі болып қала береді.

Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ