Тақырыпқа арқау еткен сөзді белгілі сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі айтты. Қалың қазақ бұл кісіні «Анамның тілі», «Желтоқсан желі», «Фаризаға» атты әндері арқылы таниды. Жүрегі де, жаны да, өзі де, сөзі де елім деп тұратын азаматпен сұхбаттасу үшін Қызылордадан Таразға арнайы бардық.
Әкемнің 34-ші перзентімін
– Ассалаумағалейкум, аға! Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет. Абай ақын «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» демей ме. Сол ыстық қайратты да, нұрлы ақылды да жылы жүрекке сіңіретін алдымен ата-анасы, отбасы мен өскен ортасы ғой. Әңгіменің ауанын осыдан бастасақ…
– Сонау Ақмешіттен ат арылтып келгенің үшін саған да рақмет! Ата-анам туралы сұрадың ғой, әкем қасіретті көп көрген, жардың да, баланың да қазасын аза тұтқан жан. Өзі ұзын бойлы, қыр мұрынды жіңішке келген кісі. Салалы саусақтарымен тарамдап отыратын сақалы бар еді. Анамыз өте сұлу адам еді, жарықтық.
Бәлкім сенерсіз, бәлкім сенбессіз мен әкемнің 34-ші перзентімін. Әкемнің аты – Берден. Анамның аты – Қалиман. Ол кісілер отау құрғанда әкем 70-ке таяп қалған ақсақал да, анам 16-дағы бойжеткен екен. Негізі әкем менің анама дейін 3 әйел алған. Әкемнің айтуынша, сол үш анамыз әрқайсысы он баладан туған екен. Бұл қазақтың басынан не өтпеді дейсің. Неше түрлі індет бар, аштық бар, соғыс бар, тылдағы жұмысқа деп тағы алған, әйтеуір біздің әулетке келген жұт секілді үш анамыз да, отыз бала да ажалдың шеңгеліне ілінген екен. Не деген қасірет десеңші… Мыңның бірі көтере алмайды деп те айта аламын. Бір баланың өзін жоғалту оңай емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы, Құдай жарды да берді, баланы да берді… Бірақ әрқайсысы оннан бала туған жар да өлді, көз-қуанышы, ізін жалғар жұбанышы болады деген отыз баладан бір тұяқ қалмады. Үшінші анамыздан туған ең кіші баласы бес жасында мал бағып жүріп «мені біреу шақырып жатыр» деп, шырқырап жылап, қашып келген екен. Сөйтсе анадай жерде тікерейіп тұрған саршұнақ болып шығады. Не керек, көп ұзай ол да өмірден өткен.
Сопайып қара басы қалған соң ағайыны жиылып, әкемізді тағы бір мәрте үйлендіруді шешкен. Содан нағашы атама барып, қызына құда түсіпті. Басында жасы жетпіске жақындаған ақсақалға он алты жасар қызын бергісі келмейді. Бұл кезде Ұлы Отан соғысы аяқталуға жақын екен. Әлі де майданға деп, тылдағы еңбекке деп жастарды алып кетіп жатқан кез. Осының бәрін көзімен көріп отырған нағашым қызын беріпті. Содан 1946 жылы үлкен ағам, онан кейін 1948 жылғы Қарашай әпкем, 1951 жылғы Тәңірберген ағам және 1957 жылдың 22 сәуірінде мен өмірге келіппін. Туған ауылым – Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Ойық деген жер. Онда да сол ауылдың 4-5 үй ғана тұратын бөлімшесі. Мен өмірге келгенде үлкен апалар болмай, кіндігімді әкем кесіпті.
Нағашының қасиеті жиенге дарымай қоймайды
– Өнер жолына қалай келдіңіз?
– Әкем елге танылған әнші болмаса да ыңылдап өлең айтатын өзіне жарасымды дауысы бар еді. Анам да қара жаяу емес. Талай мәрте батырлар жырын жатқа айтқанын өз көзіммен көргенмін. Әсіресе «Қобыланды батырды» нақышына келтіре орындайтын.
Нағашы атамның дауысы жақсы еді. Есімі – Қонақбай. Аласа бойлы кісі еді. Анамның Тұрарбек деген інісі болды. Өзі тракторшы, К-700-ді айдады. Сол кісі ән салғанда жүректің өзі тынығатындай әсерге бөленеді. Мені өнерге баулыған, ән айтуды үйреткен осы кісі. Үйінде гармонь болатын. Домбыра да тартты, гитарада да ойнады. Қазақтың «құт қызбен кетеді» дейтіні рас екен. Нағашының қасиеті жиенге дарымай қоймайды. Нағашыма еліктеп жүріп, аспаптарда ойнауды үйрендім. Әнді жүрекпен қабылдап, жүрекпен жеткізуге тырысамын. Олай етпесең айтқан әнің сөлсіз, нәрсіз, рухсыз іспетті болып қалады. Жүректен шыққан туынды ғана жүрекке жетеді.
– Әндеріңізде қазақтың мұңы да, рухы да бар сияқты. Мұның себебі неде?
– Құдай тағала әуел баста әр адамға түрлі қасиет беріп, өзіндік миссиямен жарататындай көрінеді маған. Алла менің бойыма әншілікті, сазгерлікті дарытты, сол арқылы елге танытты. Алғашқы әнімді шығарғанда 19 жастағы балаң жігіт едім.
1975 жылы Жамбылдың мәдени ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түстім. Қанша дегенмен ауылдан шықпаған баламыз ғой. Қалада сол кезде бәрі орысша екен. Не нан сұрап ала алмаймыз, не су сұрап ала алмаймыз. Автобуста жүргенде қазақша сөйлесек, орыстар жекіріп, ұрсып тастайтын. Өз елімде жүрмін ғой, қалайша жәутеңдеп өмір сүруім керек деп, әбден толқыдым. Бір ауыз орысша білмеймін. Әбден қысылдым, қиналдым. Оқу орнында 1-курс студенттеріне өлең, сатира, шымшыма жанрындағы шығармаларды жаттататын. Соларды орындатып, әртістік қабілетімізді шыңдайды ғой. Жатақханада Шона Смаханұлының сырты қоңыр мұқабалы кітабы қолыма түсті. «Қоңыраулы шеңгел» деп тұр. Кітапта лирикалық өлеңдер де, шымшыма туындылар да бар. Оқып отырып «Анамның тілі – айбыным менің, Анамның тілі – ай-күнім менің!» деген жолдарға көзім түсті. Орысша сөйлей алмай әбден қиналып жүрген маған бұл өлең демеу берді. Менің жан дүниеммен үйлесіп тұрды. Сол өлеңді оқыған кезден-ақ ән ырғақтары ойыма келе бастады. Қолыма гитараны алдым да екі-үш рет қайталадым. Ұмытып қалмайын деп, магнитафонға да басып қойдым. Ертесіне сахна тілі деген сабақта отыз баланың алдында әлгі әнді шырқадым. «Анамның тілі – аяулы үні» деген өлеңнің әні осылай шықты. Әйтсе де сегіз жыл бойы көпшілік бұл әнді менің туындым екенін білмеді.
– Сонда қалай, сегіз жыл бойы орындалмады ма, әлде жұртқа автор екеніңізді айтпадыңыз ба?
– Мен ол кезде ауылдан енді шыққан баламын. Әнді шығару бар екен де, оны автор ретінде тіркеу бар екен ғой. Мен сол тіркеуді білмеппін. Құдай-ау, бұл әнді жұрт кімге телімеді дейсің. Осы әннің авторын бірде Ескендір Хасанғалиев десе, бірде Шәмші Қалдаяқовтыкі, жоқ Мыңжасар Маңғытаевтыкі екен дегендер де болды. Тіпті Әсет Бейсеуов шығарыпты деп те жатты. Нұрғиса Тілендиев шығарған деген әңгімені де естідім. Әй, ән де өзіңнің балаң сияқты ғой, өз балаңды менің балам деп дәлелдей алмасаң не болады? Содан, қой мұным жарамас, әні менікі болса, сөзін қазаққа белгілі Шона Смаханұлы жазды ғой деп, сол кісіні іздедім. Ол кезде Шона ағамыз Алматыда тұрады. Қасымда Жүніс Әлімбек деген Жамбылдың театрында жұмыс істейтін актер досым бар. Екеуміз тартып отырып, Алматыдан бір-ақ шықтық. Еш жаққа бұрылмай тіке Шона ағаның үйіне бардық. Есікті өзі ашты. «Қайдан жүрген баласыңдар?» деп таңырқай қарады. Біз жөнімізді айтып, келген мақсатымызды түсіндірдік. «Сендер композиторлар, ән мәтінін неге бұрмалайсыңдар?» деп, өлеңнің екі жолы өзгергенін айтты. Мен ол жолдарды басқалар қосқанын дәлелдедім. Ағамыз «Қазақстан пионері» газетінің әннің авторын сұрап жатқанын жеткізді. «Құдайдың құдіреті-ай! Көктен іздегенім жерден табылғанын көрмейсің бе… Өзім де сені іздестіріп жатыр едім. Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстарының мәдениет басқармаларына осы әннің авторын білесіздер ме, деп хат жолдағалы отырғанмын. Құдай да керек адамды уақытында жібереді екен ғой. Енді «Қазақстан пионері» жариялай берсе болады» деді. Сол үйде отырып, Жүніс екеуміз әнді үш рет орындадық. Шона ағамыз рахаттана тыңдады.
Сол жолы авторлық құқықты қорғайтын мекемеге барып, өзімнің автор екенімді дәлелдеп, мөрмен бекіттім. Иә, бұл әннің осындай тарихы бар.
Ғасырлардан сыр тартқан ән
– Әбиірбек Тінәлі десе бірінші кезекте «Желтоқсан желі» ойға оралады. Бұл туындының сөзі де, әні де жүрегі елім деп соғатын қазақтың санасында сақталарын жақсы білеміз. Бұл ән өмірге қалай келді? Сөзін кім жазды? Әуелі қандай сезімде болдыңыз?
– 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда қазақ жастарының орталық алаңға жиналғанын тарихтан білетін боларсыңдар? Сол күні кешкісін осы Жамбылдағы институттың жатақханасынан шүберек төсеніштер мен жамылғыларды бір-біріне байлап, терезеден түсіп жатқан қыз-жігіттерді көрдім. Жатақхананың айналасы толған милиция екен. Сөйтсем бұлар да Алматыдағы жастардың толқуына үн қосып, сонда барғысы келгендер болып шықты. Сол кезде Қазақстанның басқа қалаларындағы жастар да Алматыға келмек болған дегенді естігенмін. Бұларды көргенде жүрегім алқымыма тығылып, қатты соғып қоя берді. Өзімнен-өзім ыңылдай беремін. Әлгі ыңыл бір сәтке де тыным бермейді.
17 желтоқсан күні газеттерді қарай бастадым. Онда алаңға шыққандарды бұзақылар мен ішіп алғандарға, тонаушыларға теңеген шағын ғана хабар бар екен. «Бұл қалай?» дедім. Алаңға 25-30 мың адам жиналды дегенді естіп-ек, сонда соның бәрі маскүнем не бұзақы болған ба? Бұл сөзге сенбедім. Жүрегім де, санам да иланбай тұр. Ішкі жан дүнием алай-дүлей болып кетті. Жұмыс жайында қалды, әлгі әуен тыныштық берер емес, отырсам да, тұрсам да ыңылдаумен болдым. Содан бір жақсы ақын іздейін, ойымды жеткізейін деп шештім. Құдайдың кереметін көрмейсің бе, дәл сол уақытта Жамбылға Әбдірахман Асылбек деген белгілі ақын келіпті дегенді естідім. Сұрастырып жүріп ақын ағаны Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы бөлімінен таптым. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Сонда да іздеген адамды табатынбыз. Әбдірахман Асылбек Жазушылар одағының Жамбылдағы бөліміне бір жылға басшы болып тағайындалған екен. Ағаға жолығып, мән-жайды түгел айттым. «Аға, ақынсыз ғой, санамда бір ырғақ тұр. Соны жеткізу үшін ақын керек болып тұр. Неге екенін білмеймін ыңылдай беремін» дедім. Ол кісі де талай әнге сөз жазған ақын ғой, мені бірден түсінді. Қасыма жақынырақ келіп «Ыңылдашы» деді. Ішімдегі ырғақты, жүректегі әуенді шығардым. Ыңылдап отырмын, ағам мені үнсіз тыңдады. Бір кезде «Тағы да ыңылдашы» деді. Қағазға бірдеңелерді түртіп отырғанын байқадым. «Не болды? Мына зар, мына жүрек үні қайдан шығып жатыр?» деді. «Аға, Алматыдағы жағдайды білесіз. Алаңда қазақтың өрімдей жастары қалды. Жігіттер аяусыз тепкіленді, қыздарды мұз үстінде сүйреп, аяған жоқ. Ауылда еңіреп әке менен ана қалды» деп, не болғанын, әуеннің қалай шыққанын, ырғақтың қалай пайда болғанын айттым. Қанша дегенмен өмірден көрген-түйгені бар ғой «Бұлай ашық кеткеніміз қалай болар екен? Екеуміз де ертең-ақ құримыз» деді. «Аға, 1969 жыл есіңізде ме? Мен 12 жастамын. 1969 жылғы жұтта мал қырылды. Қыс қазіргідей қатты болды. Қар белуардан келді. Төрт-түлік мал жайылып тұрған бетінде қатып қалды. Сол Желтоқсанды жазайық» дедім. Ағам келісті. Содан екі сағаттан кейін келуімді сұрады.
Сол құрғыр екі сағаты өтіп болсайшы. Әншейінде зымырайтын уақыт құрғыр өтпейді ғой. Екі сағатты әрең өткізіп, ағама бардым. Барсам өлеңді шығарып қойыпты. «Желтоқсан бірде, ел тосқан түрде, келетін мүлде жайдары. Сол жылы, бірақ, әдеттен жырақ, көрінді шын-ақ айбарлы. Тоңдырды мені, тоңдырды сені, Желтоқсан желі ызғарлы, солдырды гүлді, оңдырды нұрды, көңілде мұңлы із қалды» деп жазыпты. Ана мәтінді оқығанда көмейіме тығылған өксік сыртқа шықты ғой. «Қазақтың жүрегіне тат боп қатқан, айта алмай жүрген сөзі ғой мынау» деппін. Әуенге сөздің үйлескені соншалық буын-бунағына дейін сәйкес келген. Содан бірден Алматыға барып, осы әнді радио мен телеарна арқылы елге жеткізуді ойладым.
– Оқушы кезімізде мектепте осы әнді әр желтоқсан сайын орындайтынбыз. Тіпті «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» деп Қайраттың рөлін де сомдадық. Әйтсе де «Желтоқсан желін» халыққа тарату үшін біраз қиындық болды дегенді естігенбіз. Осы жағын кеңірек баяндаңызшы…
– Әбдірахман Асылбекке сөзін жаздырып алған соң Жамбылдың драма театрында жұмыс істейтін Жүніс Әлімбек деген досым екеуміз бірігіп домбырамен, қос дауыспен айтып шықтық. Келісіп бірден Алматыға тартып кетпек те болдық. Мақсатымыз – осы әнді Алматыға барып Қазақ радиосы арқылы елге тарату, қазаққа жұбаныш болу. Сөйтсек Алматыға баратын жолдың бәрін жауып тастапты. Жол ашыламын дегенше Жүніс екеуміз театр сахнасында дайындала бердік. Қойылым болайын деп жатыр ма, бос па, бос емес пе қарамадық. Әнді әбден жеріне жеткізе орындайтындай деңгейде машықтандық.
Ақыры, 20 желтоқсанда жол ашылды. Бірден ұшаққа билет алдық. Алматыға барған соң басқаға мойын бұрмай Қазақ радиосына тарттық. Онда Степан деген ағамыз бар. Өзі ән жазудың шебері. Оған дейін де бірнеше ән жаздырған соң түріміз де таныс болып қалған. Алған беттен ән жаздыруға келгенімізді айттық. «Дайындалып аласыңдар ма?» деген Степан ағамызға әнді бірден жаздыратынымызды жеткіздік. Ол кісі тез-ақ жазып берді. «Керемет шықты» деп бізді мақтап та қойды. Өтініш айтып, лентаға жаздырып та алдым. Екінші қабатқа ұмтылдық. Танысымыз жоқ. Бір есікке кіріп едік, толық денелі келіншек қарсы алды. Өзі толық болғанымен тартымды, сұлу кісі екен. Әннің атын айтқаннан «Бұл жер менің бала-шағамды бағып, тамақ тауып отырған орным. Мені қамап тастайды» деп азарда-безер болды. Содан не керек, амалымыз құрып, сыртқа шықтық. Өз елімізде өз әніміз айтылмаса не болғаны деп, іштей ашу-ыза кернеп те тұр.
Жүніс екеуміз жалғыз аяқ жолмен келе жатырмыз. Алдымыздан ілби басып бойын тік ұстаған, үстіне ұзын қара пальто ма, плащ па киген кісі шықты. Алғашқыда бізді айналып өтті. Кенет «Жігіттер, тоқтаңдаршы» деді. Әнші екенімізді естіді. Жағдайымыздан хабардар болды. «Апырай-ә, ол қандай ән екен? Жүріңіздер, мен де тыңдап көрейінші» деді. Бойымызды ашу-ыза кернеп тұрған біз «бұл не істей алатын адам деп?» менсінбей де тұрмыз. Бөлмесіне кірдік. Магнитофон да, басқа керек құрал да бар. Ол сұрақ қояды, біз оның сұрағына ерегісіп отырып, әдейі қисық жауап береміз. Әбдірахман ағаға айтқан 1969 жылғы қыс жайында қалды. Солай да, солай, күні кеше болған оқиғаға байланысты ән деп, шындықты жеткіздік. Ол жігіттің аты-жөні Қиял Сабдалин екен. Істейтін жері – «Азаттық радиосы». Кеңсесі – Германияда. Радио иесі – Америка. «Кешкі жеті отыз бесте радионы ашыңдар. Сол жерден әндеріңді тыңдайсыңдар» деп ол бізді шығарып салды.
Біз сенбедік. Қонақүйге келдік. «Қазақстан» қонақүйінің 23-ші қабатындамыз. Сауда орнына соғып, жиілік толқын ұстайтын радио алдық. Кешкісін әлгі кісі айтқан жиілікті тауып, үндемей тыңдап отырмыз. Ештеңе естілмейді. Басында бізді алдады-ау деп те ойладық. Бір кезде қиқ-шиқ етіп арна қосылды. Құрманғазының «Сарыарқа» күйі ойнады. Содан біздің әңгімеміз кетті. Бағана жарыса айтылған әңгіме. Бәрін жазып алыпты. Көзіміз атыздай болды. Содан соң бізді таныстырды. «Желтоқсан желі» шырқалды. Сол сәтте көзімнің жасқа толғанын байқадым. Жүніс екеуміз бір-бірімізді құшақтап отырып жыладық! Осылайша «Желтоқсан желінің» тұсауын «Азаттық радиосы» кесті. Бар болғаны 4-5 күннің ішінде болып жатқан оқиға. Бірақ ғасырлардан тін тартқан азаттық үні еді. Сол азаттық үні «Желтоқсан желі» болып, қазақ даласын кезіп кетті. «Азаттықта» бес жыл қатарынан менің әнімді үзбестен берді. 1991 жылы тәуелсіздікті алған соң еліміздің әр мектебінде, әр балабақшасында, тіпті әр үйінде шырқала бастады.
Заң шыққан күні аты-жөнімді бірден қазақшаладым
– Абай хакімнің «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дейтін өлеңі бар ғой. Сіздің де сөзіңізде рух болғанымен көзіңізде мұң бар сияқты көрінеді. Шыныңызды айтыңызшы, өнеріңіздің өз деңгейінде бағаланбағанына ренжулісіз бе, әлде жүрегіңіздегі үн мен санаңыздағы ақиқаттың бұл қоғамға көңілі толмай ма?
– Бәрі бар. Менің тілім таза тіл болса екен, бар қазақ Абайша ойласа, Ахметше толғанса деймін. Мына әлем қазақтың ұлылығын мойындаса деймін. Қазақтың тілі ғылымның тіліне айналса деймін. Дүниенің төрт бұрышындағы қазақ түгел ана тілінде сөйлесе деймін. Тіпті бар ғой, қазақ түгел құжатын қазақшаласа деймін. 1996 жылы тегімізді қазақшалауға рұқсат беретін заң шықты. Заң шыққан күні аты-жөнімді қазақшаладым.
Аз жаздым ба, көп жаздым ба, білмеймін, жүзден аса әнім бар. «Анамның тілі», «Фаризаға», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ас-суың ба еді, атаңнан қалған?» сияқты әндер жазып, қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді қозғауға тырыстық. Өнердің, тілдің, руханияттың дамуына шама-шарқымызша үлес қосып келеміз.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ





