Жүз жылдық жол

613

0

Алдағы мамыр айында «Қазақстан әйелдері» журналына 100 жыл толады. Ол 1925 жылы 5 мамырда өлкелік партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің газеті ретінде «Теңдік»  атауымен Орынбор қаласында шықты. Журналдың алғашқы редакторы Қазақстанның қоғам қайраткері, редакторлар мен  журналистер арасындағы тұңғыш әйел, Қызыл киіз үйлер мен сенбіліктердің ұйымдастырушысы Сара Есова болды.

Журналды шығару жұмысына Ш.Қожахметов, Р.Сүгіров, С.Мұқанов белсене қатысқан. Кей нөмірлеріне (мысалы, 1925 жылы №3) редактор ретінде Бейімбет Майлин қол қойған. Кейіннен журналға Нұржамал Сәнәлиева (1932-1934), Нағима Арықова (1934-1935) басшылық еткен. Мақсаты  Қазақстан автономиялық республикасы ОАК-нің 1920 жылы қабылдаған қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алушылыққа тыйым салуды бұқараға түсіндіру, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуын насихаттау болды.

1926 жылы шілде айынан бастап, 7 нөмірі жарық көрген соң «Тең­дік» газеті журналға айналып, «Әйел теңдігі» аталды. Журналда партия тіршілігі, әдебиет, кітап сы­ны, өнер-білім үйрену, заң, сұрақ-жа­уап­тар, тілшілер, т.б. бөлімдер жұ­мыс жасады. Әйел­дерге арналған қоғамдық-саяси және көркем-әдеби журнал 3000 ти­раж­бен тарады, ай сайын шығып тұрды. Еңбекші әйел­дердің тір­­шілігін көрсетуді көздеген басылымда «Біздің ісіміз» деген ай­дармен қыз-келіншектер ара­сын­дағы белсенді өкілдердің жұ­мы­сын  насихаттады. «Дені саудың – жа­ны сау» айдарын ашып, онда ги­гиена, денсаулық сырынан сыр шертіп, әртүрлі аурулар туралы түсінік берді. Бұл уақыттағы басты қиыншылық жазушылардың аз болуы еді. Осындай қиын кездерде журнал жұ­мы­сына І.Жансүгіров, Б.Майлин, А.Се­гіз­баев секілді қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары қалам көмегін берген.

1927 жылы әйел теңдігін наси­хаттау жұмыстары жүргізілді. Әйел­­дердің қарабайыр тіршілігін, тұр­­мы­­сын үздіксіз жазып отырды. Сол жылдан бері журнал республика әйел­­дерінің әрі көмекшісі, әрі тәрбие­шісі болды.

Жалпы «Әйел теңдігі» 1934 жыл­­дың аяғына дейін осы атаумен шықты.

1935-1941 жылдары және 1950-1954 жылдары «Сталин жо­лы» деп аталды. 1955 жылдың қаңта­рында «Қа­зақстан әйелдері» болып шығарылды. Журнал қазақ әйел­деріне саяси жә­не мәдени-рухани тәрбие берді, олар­ды партия мен кеңес үкіметі алға қой­ған міндеттерді орындауға жұ­мыл­­дырды. Сондай-ақ отбасы бере­кесі мен тұрмыс мәдениетінің өзекті мә­селелерін, ұрпақ тәрбие­сін жиі кө­терді. 2003 жылы жур­налдың тара­лы­мы 40 мыңға жеткен. Осындай қо­ғам­дық мәселені айта білген, ұрпақ тәр­бие­сіне бей-жай қарамаған  журнал 1976 жылы «Құрмет белгісі» ор­де­німен мара­патталған.

Айта кетсек, кейбір деректерде  әйел мәселесін көтеретін бір­ден-бір құрал ретінде әйел­дерге арналған ба­сы­лымдардың басында «Азат әйел» га­зеті тұрған. Бұл газет 1925 жылы 8 нау­рызда жарық көрген. «Қазақстан әйел­дері» журна­лының тарихы осы «Азат әйел» газеті негізінде  бастау алған деседі.

Бүгінде басылым өз оқырманда­рына танымал тұлғалар мен өмірдегі өзекті мәселелер тақырыбындағы, сән үлгілері, денсаулық, аспаздық, отбасын­дағы қарым-қатынас жайлы және түрлі психологиялық кеңестер мен басқа да маңызды ақпараттарды бөліседі.

Жалпы журналдың қазақ баспа­сө­зінде ғана емес, бүтін бір ұлтты құрап отырған әрбір қараша­ңырақ үшін алатын орны айрықша. Себебі басылым – бір бағытты ғана ұстанбай, ғылым-білім, мәдениет, мал шаруашылығын өркендету, егін шаруашылығы сияқты қоғамның әртүрлі саласынан қажетті ақпарат­ты дер уақытында бере білді.  Сон­дай-ақ журнал тек әйелдерге ар­налған жоқ. Онда мектеп және на­рық, іс­керлік пен ізденіс, поэ­зияға ар­­налған айдарлар, қазақы қал­жың­дар да жарық көрген.

Сондықтан да болар ел өмірінің көкейкесті мәселелерін кеңінен қоз­ғай отырып, ұл мен қызға тәлім-тәрбие, келін мен балаға инабат-ізет, отбасы өнегесін үйрететін, оқыр­манын көр­кем әңгіме, жақсы жырмен сусында­тып, құлақ құрышын қандырар жаңа әндерді насихаттайтын әр шаңырақ­тың айнымас досына айналды.

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»