«Жұлдыздар» жерге түсе ма?

4

0

Фото: ЖИ

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Атап айтқанда, онда мәдениет, білім беру, мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша бірқатар өзгерістер қамтылды. Соның бірі – концерт кезінде фонограмма пайдалануға қатысты қабылданған ереже.

Заңға енгізілген өзгерістің мазмұны бы­лай: «Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады (Бұл ере­женің телевизиялық жазбаларға, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген және ар­налмаған орындарға қатысы жоқ). Сондай-ақ авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе он­лайн-платформаларда жария түрде пай­да­ланған кез келген жағдайда авторды (ав­торларды) көрсету міндетті»

Түсінуімізше, нақты концерт беруге ар­налған орындарда фонограмма (алдын ала жазылған дауыс) пайдалануға рұқсат етіл­мейді. Алайда аталған ереженің «теле­визиялық жазбаларға, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған орындарға қатысы жоқ» деп нақты көрсе­тілген. Осы тұста телевизиялық жазбаларға неге қатысы жоқ екенін түсіне алмадық. Бәл­кім, бұл жерде кинофильмдерде жасалатын дубляжға қатысты айтылды ма екен?

Сонымен жаңа ереже шықты, қазір көптің талқысынан да өтіп жатыр. Біз де ел алдында жүрген танымал әншілердің, өнер өкілдерінің пікірін білген едік.

Айдос Иманжаппаров – классикалық әнші, халықаралық конкурстардың лау­реа­ты, Түркістан облыстық Конгресс холл көп­салалы кешенінің артисі.

– Фонограмма жөнінде айтар болсам бұл – өте күрделі тақырып. Неге десеңіз, қазіргі кезде теледидарға немесе радиоға көз салып, құлақ түрсеңіз шыны керек, ұялып қаласың. Бүгінгі көп әндерде мән-мағына жоқ, оның үстіне, орындаушы да аузын жыбырлатып (фонограммамен) халықты алдап тұрады. Жақында фонограммаға қатысты заң қабыл­данды дегенде қуанғанымды жасыр­май­мын. Қуануымның себебі, қазақта бір мақал бар, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» Мәдениет пен өнерге биік талғаммен қарап, дұрыс бағалай білуіміз керек.

Қазіргі шоу бизнесте жүрген 500-1000 әншінің 70 пайызының жанды дауыста ән салуы күдік тудырады. Көпке топырақ шаш­паймын, бірақ мұны жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Қолданысқа енгізілген заңның тағы бір тармағын естідім, жаңа ереженің тойға, ресторандарға қатысы жоқ деген. Әлі де бұл заңды қайта қарау керек сияқты, түбегейлі барлығына қатысты етпегеніне таңым бар. Мысалы, сахнада жанды дауыста айтпаған әнші тойға келіп халтурасын жалғастыра береді. Той егелерін фонограммамен алдап осы кезге дейін қанша миллиондаған ақ­шалар кетті. Әрине, ол менің жұмысым емес, дегенмен осындай дүниелерді айтуға тура келеді.

Менің білетінім, классик әншілер әнді жанды дауыста айтады. Оркестрмен, рояль­мен және фортепианоның сүйемел­деуімен орындайды. Өзім де тойда немесе кез келген іс-шараларда жанды дауыста минусовкамен айтамын. Жалпы фонограмма – әншіні құр­татын дүние. Шын мықты болсаң, жан­ды дауыста өнер көрсет. Әр концертке да­йындал, еңбек ет, далада қалмайсың. Сын түзелмей, мін түзелмес. Сынды көтере біл­сең ғана өсесің. Қалай десек те мәдени май­данда шын мықтылар қалады, – дейді ол.

Сәрсенбай жыраудың ұрпағы, дәстүрлі өнерді дамытуда өзіндік талантымен та­нылған Майра Сәрсенбаева да жоғарыда аталған заңға енгізілген өзгертулерді дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, өнердің шын өкілі қай уақытта да табиғат берген та­лантымен даралануы тиіс. Халықтың се­німін алдамай, адал қызмет көрсетіп, тың­даған жұрттың шынайы ықыласына бө­ленгені абзал. «Өнер жолы – ауыр жол» де­ген сөз бар, демек «жүзден – жүйрік, мың­нан – тұлпар» дара шығуы оңай емес.

Мысалы, дәстүрлі өнер бағытында Сыр сүлейлерінің мұрасын ғасырдан ғасырға жалғап, сол әуелгі саф қалпында сақтап келе жатқан жыршы-жыраулар еңбегі ерекше құр­метке лайық деп ойлаймын. Өйткені жыр-дастандарда өлең сөздің сарқылмас құнары бар. Одан бөлек, сүлейлердің әр­қай­сысының мақам-саздары бір-біріне ұқса­майтын өз алдына ерек туынды. Сондықтан өнер жолын таңдаған адам оның бағасын түсірмеуі керек. Бүгінге дейін техниканың жұрнағы жоқ кезеңде де ғасырлар бойы жалғасып келген саф өнерді қазіргідей жан-жақты дамыған заманда жоғалтып алсақ, одан асқан өкініш болмас. Бір сөзбен айтқанда, халықтық өнерді  дамытуда өз-өзімізге үлкен жауапкершілік жүктелетінін сезінуіміз керек, – дейді ол.

Өнертану кандидаты, күйші, бірнеше әннің авторы Гүлнар Ысқақова бүгін­де Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситеті студенттеріне дәріс береді. Күй өнері бойынша талантты шәкірттері топ жарып жүр.

– Өнердің өкілі ретінде айтар болсам, кез келген әнші, күйші немесе өнер көрсететін топтар болсын, халықтың алдына шынайы талантымен шығуы тиіс. Өйткені өнердің киесі бар. Сол себепті оған атүсті қарауға болмайды. Сахнаға шығатын өнерпаз өзіне жүктелген аманатты терең сезіне білуі керек әрі  қиянатсыз атқаруды ойлағаны жөн.

Мысалы, әнді жанды дауыспен айту үшін қаншама дайындық керек. Ең әуелі сахнаға шығу мәдениетінен бастап, киім киісінде, сөз саптауында, қимыл қозғалысында көзге оғаш әрекеттер болмауы тиіс. Сосын әнді орындағанда дауысты көретін, бәсеңдететін жерлері болады. Әншінің әнді әрбір орын­дауында импровизация керек. Шын талантты әншілер көрерменді баурап алып, әнді қосыла шырқайтын кездері бо­лады. Ал фонограммаға келсек, бірнеше кон­церт­те сол бір дауыс, бір орындау бірте-бір­те тың­даушыны жалықтырады. Қазір эст­рада жанрын фонограмма жаулап алғаны жа­сырын емес. Алайда домбыра, сырнай, қобыз, жетіген сияқты ұлттық аспаптармен, сондай-ақ, гитарамен, фортепиано сүйе­мел­деуімен ән айтатын әншілер жанды да­уыспен орындайды.

Мысалы, Жамал Омарова, Күләш Бай­сейітова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Ескендір Хасанғалиев сынды әншілердің дауысы алтын қорда сақталып қалды. Ал қа­зіргі фонограммада жазылған дауыс ұзаққа бармай, өз-өзінен жоғалып кетуі мүмкін.

Қолданысқа енгізіліп отырған заңды құптаймын. Өнерге, шығармашылыққа шы­найылық, тазалық, жауапкершілік керек, – дейді өнертанушы.

Иә, жоғарыдағы пікір айтушылар өнер­дің әр саласында жүрсе де, ортаға салған ойлары бір түйінге келіп тоғысып тұр. Өйткені өнер – табиғи таланттың өлшемі. Оған сауда-саттық араласса сыны кетеді. Айталық, бойында жоқ қабілетті ақы-пұлын төлеп сатып алу арқылы халықты алдап, күн көріп жүргендердің (әнші деуге келмейді) әрекеті тіпті дұрыс емес. Тағы бір сорақылық, осы күні әнді орындаушы өзінің не айтып тұрғанына есеп бермейтін болған. Қазір жастар тыңдап жүрген кей әндердің сөзін естігенде ұяттан өртенердей күй кешесің. Ал олардың сахнаға қалай, қандай мақсатпен шығып жатқаны беймәлім…

Жоғарыда аталған заңда авторлық құқықтың қорғалуына қатысты да айтылған. Олай болса, шығармасы орындалып жатқан авторларға қаламақы төлеу барысында әлгіндей әдептен жұрдай «шығармалардың» авторларына шара көрілуі де керек сияқты…

Иә, қазір ЖИ де ән айта бастады. Тіпті оған әннің сөзі мен әуенін жазу да еш қиын­дық тудырмайды. Мұның ар жа­ғында «өнер өліп кетпей ме?» деген сауал тұратыны заңды. Әзірге оған айтар жауабымыз, жа­сандылықтан биік тұратын жауһар туын­дылар ғана жадымыздан да, тарихтан да өшпейді. Ал ЖИ-дің деңгейіне жетпейтін шығармалардың күні бітетін болса керек. Хал­қымызда «Көп асқанға бір тосқан» деген сөз бар еді. Енді тым аспандап кеткен жасанды «жұлдыздар» жерге түсетін шығар?

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»