Жұлдызды қаладағы жаңа үйлер

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Жыл басындағы игілік Байқоңырға да жетті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлердің қатысуымен Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерлік 5 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңірдегі құрылыс, әсіресе, тұрғын үй құрылысының қар­қыны бойынша жұмыстарды атап өтті.

– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Ұлттық құрылтайдың осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткерлерінің бастамасымен қазақ атауы қайтарылған Қызылорда қаласында өтуі тарихи мәнге ие.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құры­лыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілген. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеу­меттік саясат нәтижелі іске асуда.

Қармақшы ауданында 2023-2024 жыл­дары 2 млрд 848 млн теңгеге 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Өткен жылдың соңында Жосалы кентіндегі 50 пәтерлік 25 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстадық.

Бірнеше жыл бұрын басталған, мердігердің салғырт­тығынан құры­лысы тоқтап қалған Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 433 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгін сол жұмыс толық бітіп, пәтерлердің кілтін өздеріңізге беруге жиналдық.

Жаңа қоныс – игіліктің бастауы. Баспана­ларыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, әр отба­сының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай!, – деді облыс әкімі.

Жиында аймағымыздың әлеумет­тік-экономикалық дамуына үлес қос­қан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Қармақшы ау­да­­нының, Байқоңыр қаласының өркен­деуіне еңбегі сіңген ардагерлер, тұр­ғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Константин Бусыгин сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.

Еске салайық, Президенттің, Үкі­мет­тің қол­дауымен, Қызылорда облы­сының әкімдігі Байқоңыр қаласы әкім­шілігімен бірлесіп, қаланың, оған ір­ге­лес орналасқан Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына айрықша мән беріп келеді.

Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Көпқабатты тұрғын үйлер газға қосылды. Мемлекеттік бағдарламамен 50 пәтерлік бес тұрғын үй салынып, жаңа шағын аудан құрылды. Қаланың 95 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылуда. Тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануына қажетті дене шынықтыру кешені бой көтеріп келеді.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, бірлескен жобалар қолға алынған. Қор 12 млрд 851 млн теңгеге әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

«СБ» ақпарат