Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері Жазира Байырбекова мен Жанболат Жанабайұлы отбасында үлкен қуаныш орын алды — олардың ұлы Қазыбектің үйлену тойы ел назарын өзіне аударды. Ерекшелігі сол, салтанатты кеш тікелей эфирде көрсетіліп, көпшілік бұл қуаныштың куәсі болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Той жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бірнеше асаба кезек-кезек жүргізді. Солардың бірі – танымал актер Қайрат Әділгерей кеш барысында қонақтарға тосын сый күтіп тұрғанын хабарлап, жұртшылықтың қызығушылығын арттырды.
Актердің айтуынша, тойға келген әрбір қонаққа арнайы нөмір берілген. Сол нөмірлер арқылы кеш соңында бағалы сыйлықтар ойнатылған. Ең басты жүлде – мейрамхана алдына қойылған су жаңа автокөлік болды. Жиналған көпшілік алдында ұтыс ойыны өткізіліп, көліктің иесі анықталды.
Бұл ғана емес, той иелері тағы бірнеше қонаққа ерекше сый жасады. Төрт адамға шетелге жолдама табысталып, мерекелік кештің сәнін одан әрі келтірді.
Осындай ауқымды әрі жомарт сыйлықтарымен ерекшеленген бұл той көпшілік арасында қызу талқыланып, Қазақстандағы жұлдыздар тойының жаңа деңгейін көрсеткендей әсер қалдырды.






