Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

428

0

Фото авторы: Д.Елисеев

«Барсакелмес» туралы аңыз аз емес. Соның бірі былай. Осы маңайды мекен еткен тайпалар арасында жаугершілікке тыйым болмай тұрған заман екен. Ләтпай есімді кісі бастаған ру адамдары содан шаршап, тыныштықты аңсап алыс жаққа кетпек болады.

Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі
Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

Білетіндердің айтуымен олар теңіздің қақ ортасындағы суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың аралға мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен жетіп алғысы келеді. Ақ жартас түбін паналап, шолпанның тууын күтіп отырғанда от жағып, соған жылынады. Сол кезде оттың маңайына жыртық шапан, тесік тымақ киген ақсақал келіп, Ләтпайға қарап: «Ол аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар жоқ. Табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді.

Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі
Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер» депті. Осыны айтқан бойда қария ғайып болады. Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Төбеден шолпан көрінген сәтте ру адамдары мұзды көпір – күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына жетеді. Ләтпайдың жұрты қысты осы жерде жақсы өткізіп, көктемге қарай тойына бастайды екен. Қыдыр атаның айтқаны айдай келіп, көп ұзамай байи бастайды. Алайда арада көп уақыт өткесін ру адамдары баяғы қарияның айтқанын ұмытып, сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастайды. Ақыры бір түнде маңайды түгел ордалы жылан жалмап тынады. Аңызға сенсек, сол қырғыннан сегіз жастағы бала ғана аман қалыпты.

Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі
Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

Бұл енді аңыз. Астарында шындық болуы да мүмкін. О жағын білмедік. Жұмбақ мекен Арал теңізінің орта тұсында орналасқан. Атауының өзінен адам шошиды. Ал олай қойылу себебін іздестіргенде улы жыландар мен қарақұрт, сарышаян сияқты қауіпті жәндіктердің көптігінен деген болжам айтылады. Ертеде балықшылар аралға шыққанда солардың шабуылына ұшырап, қаза тапқан жағдайлар жиі кездескенге ұқсайды. «Барсакелмес» аралы туралы тұңғыш жазбаның авторы орыс саяхатшысы Н.Рерих екен. Ол «Азияның жүрегі» атты шығармасында аралдың бұлай аталуын мұнда келген бірнеше қазақ отбасының қайтпай қалуымен байланыстырады. Аралға кейін барған басқа адамдар да із-түзсіз жоғалып кетіп отырған.

Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі
Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

«Барсакелмес» аралын ғылыми түрде XIХ ғасырдың 50-жылдары орыс географы Алексей Бутаков ашқан. Ал мемлекеттік табиғи қорықтың негізі 1929 жылы бағалы аң терісін өндіретін қорғалым ретінде қаланды. Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесінің №973 шешімі бойынша 1939 жылы қорық статусы берілді. Теңіз деңгейі күрт төмендеп кеткесін, оның үстіне қорықтың шығыс бөлігі құрлықпен шек­тесетін болғандықтан, 2006 жы­лы оның аумағы бұрын­ғыдан 10 есе үлкейіп, 160 826 гектарға жетті. Қазіргі аумағы – 163126 гектар. «Барсакелмес», «Қасқақұлан» және «Дельта» кластерлік учаскелерінен тұрады. 1929-1970 жылдар ара­лығында құлан, қарақұйрық, ақбөкен, қабан, қоян-толай, үй қояны, құм балпағы сияқ­ты жеті түрлі жануарды әкел­ді. Бәрі аралдың табиғи жағда­йына жақсы бейімделіп, көбейе бастады. 1953 жылы Түрк­мен­стан­ның Бадхыз қорығынан жүйрік құландарды әкеп жерсіндірді.

Жұмбақ мекеннің аң-құстар әлемі

– Табиғи қорық флорасы 325 түрлі өсімдіктен құралған. 16-сы – эндемик. 5 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, олар – Борщов қызғалдағы, Пра­тов көкпегі, қосжарнақты қыз­ғалдақ, қылқанжапырақты бат­пақгүл, отандық қамыс. Жа­­нуарлар әлемі де сан ал­уан. Омырт­қасыздар түрі өте көп. Насекомдардың түрі 12 от­ряд­тан 2 мыңға жуықтайды. «Қызыл кітап» тізіміне алынған Арал жіңішке құйрық инелігі мен әмірші инелік кездеседі. Жарыққа қызыл нүктелі кіреуке ұшып келеді. Басқа да түрлері табылуы мүмкін, олардың ішін­де боливария қысқақанатты дә­уіті, қоңырқанатты және да­ла шегірткелері, нүктелі хан қызы бар. Одан бөлек, өр­мек­ші, жасыл құрбақа, көл­бақа мекендейді. Бауырымен жор­­ғалаушылар, құстар, сүт­қо­рек­тілер, балықтар. Кей­бірі Қа­зақстанның «Қызыл кіта­бына» енген, – деді «Барсакел­мес» мемлекеттік табиғи қоры­ғы» РМК директоры Хамит Қаниев.

Ғалымдар «Барсакелмес» флорасының бірегейлігін бір­неше аспектіге бөледі. Қорық шегінде өсімдіктер жамыл­ғы­сының жусан, бұйырғын, қа­ра сексеуіл және тағы басқа ай­мақтық типтері кең тарал­ған. Оларды бүлінбеген өсім­діктердің эталоны деуге болады. Мамандар теңіз түбінде қалыптасқан флораның жаһан­дық маңызы зор екенін, оны зерттеу шекаралық флораның көші-қон ағымына әсер ететінін айтып отыр.

– Үстірттер мен төмендеген жазықтықтар бұрынғы аралдың негізгі аумағы саналады. Қо­рықтық режимнің ұзақ уақыт бойы қызмет етуінен, тұяқты жануарлардың, оның ішінде ақ­бөкендердің, сарышұнақ сияқты кеміргіштердің саны бірнеше рет бұзылған. Бұл аймақтық кешендерде итсигендердің пай­да болуына, жапырақсыз бұ­йырғын өсімдіктерінің ны­ғаюына әкеп тіреді, – деді қо­рық басшысы.

«Барсакелмес» еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар­дың алдыңғы қатарында. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жү­йесі тізіміне енгізілген. Жаһан­дық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан әлемдегі жалғыз қорық. Мұнда Әр жылы көктем мен күзде жануарлар дүниесінің санағы жүргізіліп тұрады. Мекеменің жетістіктерінің бірі – өткен жылы ұйымдастырылған «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясында ІІ орын иеленуі.

Сөз соңында тағы бір қы­зық дерек. Аралда уақыттың әдеттегіден жылдам өтетіні де – тылсым құбылыстың бірі. Мысалы, 1930 жылы «Барсакелмес­ке» аттанған топографиялық экс­педиция мүшелері үш ай бойы хабар-ошарсыз кеткен. Бір тоқсаннан кейін ғана аман-есен оралған. Олар «арада осынша уақыт өтіп кеткенін білмедік» депті. Сондағы бар атқарған жұмысы аралдың адам аяғы баспаған аумағын картаға түсіріп алу ғана болыпты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Арал-Қызылорда