Шымкенттегі политехникалық колледжде оқу жылы қайғылы оқиғалармен басталды. Алдымен екі студент бір уақытта асылып өлген күйде табылса, артынша тағы бір студент белгісіз жағдайда жол апатынан көз жұмды деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
12 қыркүйекте Достық шағынауданындағы гаражда 17 жастағы студент асылып қалған. Жігіт политехникалық колледжде екінші курста оқыған. Ал 15 қыркүйекте аталған оқу орнының 3-курс студенті, 2004 жылы туған жасөспірім қорада өзіне қол жұмсап көз жұмған.
Сонымен қатар Шымкент қалалық ПД аталған политехникалық колледждің тағы бір студентінің шамамен дәл осы күндері апаттан қайтыс болғанын хабарлады.
«Қайтыс болғандардың үшеуі де бір колледждің студенттері, ең қызығы олардың бәрі бір факультетте оқыған. Бұл өлімдер арасында байланыс бар ма және жігіттер өмірде өзара араласқан ба, ол жағы белгісіз. Барлық мән-жайды полицейлер анықтап жатыр. Екі оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы, өзін-өзі өлтіруге жеткізу бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Оқу орнындағы қайғылы жағдайлардан шошынған ата-аналар бүгінде балаларын колледжге жіберуден қорқатынын айтқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<