Жұмыс қабілетінен айырылған адамға 45 жылға дейін жәрдемақы төленеді

658

0

Шығыс Қазақстан облысында 5 мыңнан астам адам еңбекке қабілетінен айырылғаны үшін әлеуметтік төлемақы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, азамат еңбекке қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтiк төлемақы беріледі. Бұл төлемақы медициналық-әлеуметтік сараптама еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеген күннен бастап тағайындалады.

«Әлеуметтiк төлемнің мөлшерi соңғы 24 айдағы кірістің орташа айлық мөлшерiнен ең төменгі жалақы көлемінің 55 пайызын алып, еңбекке қабілеттен айырылудың тиiстi коэффициенттерiне көбейту жолымен айқындалады. Төлемақыны тағайындау туралы өтініш медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде беріледі. Сонымен қатар құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне қағаз түрінде беруге болады», – делінген ақпаратта.

Төлемақы ресімдеуге қатысты SMS-хабарлама ұялы телефонға келіп түскен кезде проактивті форматта тағайындалуы мүмкін. Еңбекке қабілеттен айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлемақы бірнеше жыл бойы төленеді. Мысалы, ол адам жұмысқа қабілетін қалпына келтіргенге дейін немесе зейнет жасына жеткенге дейін берілуі мүмкін (төлем ұзақтығы 45 жылға созылуы мүмкін). Биыл бұл төлемақы мөлшері 9%-ға артты. Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда биыл 5179 адам еңбекке қабілетінен айырылғаны үшін төлемақы алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<