Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған үшжақты комиссияның кезекті мәжілісі өтті.
Жиынға ауданымыздағы ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылары, аудандық прокуратура өкілдері, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде еңбек нарығындағы ахуал, бос жұмыс орындарын ұсыну, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту, сондай-ақ кәсіпорындармен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.
– «Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты басымдықтардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта мемлекет тарапынан кешенді шаралар қабылданып, нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыруға арналған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда» – деді аудан басшысы.
Мәжілісте кәсіпорын басшыларына жергілікті тұрғындарды басымдықпен қабылдау, еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтау және әлеуметтік әріптестікті күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар, жиын барысында 15 наурызда өткізілетін республикалық референдум аясындағы жаңа Ата заң жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтары да түсіндірілді. Ұсынылып отырған реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны айтылды. Алдағы өзгерістер елдің саяси жаңғыруына серпін беріп, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Мәжіліс қорытындысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жұмыспен қамту бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыру міндеттелді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






