«Жұмысшы күні» жалпыреспубликалық жобасы аясында іс-шара өткізілді

128

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

«Жұмысшы күні» жалпыреспубликалық жобасы аясында мектеп оқушыларының мамандық бағыттары бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындар мен мекемелер базасына баруын қамтамасыз ету іс-шарасы бекітілген.

Осыған сәйкес, бүгін аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімімен бірлесіп, кенттегі О.Абдулпаттаев атындағы және Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектеп оқушыларына кәсіпорындардың базалары таныстырылды.

Олар: Тереңөзек кентінде орналасқан «Айша» наубайханасы және Қалжан ахун елді мекеніндегі «Бақ-Береке» АӨК-ң негізінде құрылған қияр және қызанақ егілетін жылыжайы.

«Айша» наубайханасының иегері, жеке кәсіпкер Г.Әбдіғаппарова мемлекеттің қолдауымен құрал-жабдықтар алып, кент орталығынан коммерциялық мақсатта наубайханаға арналған бөлмелері бар ғимарат ашқанын, күніне кем дегенде 3000-нан астам бөлке және тапа нан, тәтті бәліш, самса, т.б. өнім түрлері тұрақты түрде шығарылатынын атап өтті.

«Бақ-Береке» АӨК-ң негізінде құрылған қияр және қызанақ егілетін жылыжай жобасының бастамашысы С.Әбжәлиев оқушыларды жылыжайдың тынысымен таныстырып, осы саладағы еңбек жолын бастау тарихын шолып өтті.

Өз сөзінде С.Әбжәлиев жұмыс барысында күн сәулесінен энергия тарту, дақылдарды тамшылап суару әдістерін пайдалану арқылы көптеген шығындар үнемделетіндігіне ерекше тоқталды.

Оқушылар екі кәсіп иегеріне бизнес жүргізу, маркетинг, сондай-ақ технологиялық жағынан да аталған кәсіптердің артықшылақтары, т.б. сұрақтар қойып, жауаптарын алды.

ЖК «Әбдіғаппарова» басшысы Г.Әбдіғаппарова және «Бақ-Береке» АӨК-ң басшысы С.Әбжәлиев бүгінгі іс-шараға қатысушыларға әрбір істе бейнет пен зейнет қатар жүретініне, сонымен бірге «Еңбек бәрін жеңбек», «Еңбек түбі – береке» деген нақыл сөздерінде айтылғандай, адамның қалауы болып, әрекеттенсе, кез-келген нәрсеге жетуге болатынын жеткізді.

Соңында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің өкілі кәсіп иелеріне де, қатысушыларға да іс-шараның атқарылуына үлестерін қосқандары үшін алғыс білдірді.

Сырдария ауданы әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<