Жұмысшы мамандарды қолдау жалғаса береді — Аида Балаева

4

0

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жұмысшы мамандарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада өткен қорытынды жиында мәлімдеді

Министрдің айтуынша, еңбек беделін арттыру, кәсіптік білім беру мен тәлімгерлікті дамыту бастамалары әрдайым күн тәртібінде.

— Кадрлық әлеуетті тұрақты дамыту және еңбек етуге лайықты жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қарқынды түрде жалғасады. Жасанды интеллект енгізіліп жатқан жоғары технологиялық өндірістерге мамандар даярлау басты назарда болмақ. Колледждерге қабылдауды одан әрі ұлғайту, кәсіпорындар өндірісі бойынша кадрларды мақсатты даярлау тұрақты және үздіксіз түрде мемлекет тарапынан қолдау табады, — деді Аида Балаева елордада Конгресс орталықта.

Жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыру үшін мектептен бастап ауқымды кәсіптік бағдарлау жұмысы жалғасады. Дуалды оқыту деңгейін дамыту және арттыру, бизнеспен әріптестікті нығайту да жалғасын табады.

Кадрлар даярлаудың халықаралық стандартын енгізу, студенттер мен педагогтердің академиялық мобильдігін арттыру, қазақстандық колледждер базасында халықаралық кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа филиалдарын ашу жалғасады.

— Біздің стратегиямыздың бір бөлігі — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі, педагогтердің кадрлық әлеуетін сапалы дамыту. Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты дамуы, өнеркәсіптің, құрылыстың, көліктің, энергетиканың және аграрлық сектордың өсуі білікті жұмысшы кадрлардың артуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Алдағы бес жылда жұмысшы мамандықтар биыл басталған барлық институтционалдық жаңашылдықтың жалғастыру кезеңіне айналады, — деді Аида Балаева.

Аида Балаева жұмысшы мамандықтар жылы бір жолғы бастама емес, ұзақ мерзімді, стратегиялық маңызы зор бастама екенін атап өтті.

— Жұмысшы кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыстың басталуы мемлекеттің, бизнестің, білім берудің және қоғамның ортақ жауапкершілігін айқындады. Осы міндеттерді дәйекті іске асыру, экономиканың жаңа буынын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тұрақты негіз құруға мүмкіндік береді. Осы орайда өз ісіне адал кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын барша еңбек адамдарына зор алғысымды білдіргім келеді, — деді спикер.