«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында механизаторлармен кездесу өтті

258

0

Фото: Аманат партиясы

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы абырой-беделі мен әлеуетін көтеруге тікелей ықпал етері сөзсіз. Осы орайда «AMANAT» партиясының ұйытқы болуымен атаулы жылдың мәні мен мазмұнын арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар ұйымдастырылуда.

Жақында Қызылордада «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен Нағи Ілиясов ауылында күрішші-механизаторлармен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Абзал Ералиев, «Мағжан және К» серіктестігі директорының орынбасары Еркебұлан Дарханұлы, Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жадыра Бағдатқызы, сондай-ақ шаруашылықтың күрішші-механизаторлары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы мемлекет тарапынан қабылданып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», – деп нақты атап өтті. Оң бастаманың мақсаты біреу ол – нағыз еңбек адамдарын қоғамда дәріптей отырып, елдегі түрлі жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру, насихаттау. Енді әр салада тер төгіп жүрген азаматтарға, яғни құрылысшы, диқан, жүргізуші, шахтер, кенші және басқа да көптеген қарапайым жұмысшы өкіліне құрмет артар деген сенім бар. Бұл мақсатты жұмыс «AMANAT» партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру мен атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде ой бөлісті.

«Мемлекет басшысы билғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы өткізілді. Жиында мәлім болғандай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда Үкімет «Жұмысшы мамандықтарының жылын» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекіткен. 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатта жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселесін қамтылғаны көңілге қуаныш ұялатты. Біліктілікті арттыруға басымдық беріп жатырмыз. Себебі қазіргі келіп жатқан техниканың барлығы цифрландырылған. Жұмыстың, өзіміз өндіріп жатқан өнімнің сапасын арттыруда жаңа техниканың рөлі зор. Сондықтан техника тілін меңгерген, білімі мол азаматтар қай кезде де сұранысқа ие, – деді Абзал Ералиев.

Басқосуда Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жадыра Бағдатқызы ауылда еңбек етіп, ауылшаруашылығын дамыту арқылы ауданның, аймақтың дамуына лайықты үлес қосып жүрген еңбек адамдарына шынайы алғысын жеткізді. Күн-түн демей еңбек етіп, ел қамбасын алтын дәнге толтырып жатқан күрішші-механизаторлардың жұмысына табыс тіледі. Ал күрішші-механизаторлар халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан берекелі ауылда еңбек етуді зор мақтаныш санайтынын айтып, алдағы уақытта да ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қоса беретінін атап өтті.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған кездесуді қорытындылаған «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы бірқатар күрішші-механизаторды партия филиалының атынан Алғыс хатпен марапаттады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<