Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы ел экономикасының негізгі тірегі саналатын еңбек адамдарына көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі болғанын атап өтті.
Осы бастама аясында ауданымызда адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау мен олардың еңбегін лайықты бағалау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның дәлелі ретінде Шиелі өңірінің егін шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы, білікті маман әрі тәжірибелі басшы Әубәкіров Дихан Уәлиханұлы және «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы, үздік шаруашылық басшысы Бердібаев Асқар Айтөреұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өткен марапаттау рәсімінде жерлесіміз, «Сәт-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иманова Роза «Құрмет» орденіне ие болды.
Бұдан бөлек, V Ұлттық құрылтай барысында да ауданымыздың бірқатар өкілдері жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Алтын домбыра» иегері, белгілі ақын Мейірбек Сұлтанхан және кәріс ұлтының өкілі, қоғам белсендісі, жас көшбасшы Елена Пак «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, ел дамуына қосқан сүбелі үлестері лайықты бағасын алды.
Аудан әкімі өз сөзінде мұндай марапаттар – еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, жастарды адал еңбекке баулуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






