Белгілі журналист Руслан Өтепбай қоғамда резонанс тудырған Зүлфия Төленова ісіне қатысты тың мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, жеті жыл бұрын «Астарлы ақиқат» бағдарламасында көрсетілген Қапиза Шумаеваның тағдыры қайтадан көпшілік назарын аударған. Сол кезде қиын жағдайға тап болған ана үш баласын өзге адамның қамқорлығына беруге мәжбүр болған еді.
Алайда уақыт өте келе оқиғаның жаңа қырлары ашыла бастаған. Журналистің мәліметінше, қамқоршы тарапынан балаға күш қолдану дерегі тіркеліп, бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Осыдан тура 7 жыл бұрын «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Қапиза Шумаева өз тағдырын бүкіл елге жайып салған еді. Сол кезде ол үш бірдей баласын Зүлфия Төленованың қамқорлығына беруге мәжбүр болған. Алайда уақыт өте шындықтың екінші беті ашылды…
Таяуда Төленова сол балалардың біріне қол көтеріп, арты қылмыстық іске ұласты. Қазір Қапизаның екі қызы Тараз қаласындағы бейімдеу орталығында. Ал тұңғыш ұлы Борис кәмелетке толғандықтан, анасының жанында. Қапиза өткен қателігін түсініп, өмірін жаңадан бастауға бел буған. Оның жалғыз арманы – екі қызын өз бауырына қайтару. «Балалар жетімдер үйінде емес, туған анасымен өсуі керек», – дейді ол.
Қазіргі таңда анаға заңгерлік көмек көрсетіліп, балаларды туған отбасына қайтару мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл іс қоғамда қайта талқыланып, қызу пікірталас туғызуда.






