Журналистерді қорғайтын механизм керек – Нұртөре Жүсіп

698

0

Фото: Kazinform

Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп журналистердің еш санатқа жатпайтынын, оларды қорғайтын механизм керегін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Масс медиа туралы» заң өте маңызды деп есептеймін. Ақпарат құралдарының өмір сүруі, тікелей қызмет ету аясы осы заңда қамтылатын болғандықтан, бұл заңға қоғам тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын айту керек. Қазіргі БАҚ туралы қолданыстағы заң да жаман емес, бірақ заман өзгерді ғой, ол заңда цифрлық жүйе, әлеуметтік желі, блогерлік ұғымдары болған жоқ. Журналистер мәртебесіне келсек, ұстаздар мәртебесіндей арнайы мәртебе керек емес. Бірақ қызмет бойынша мемлекеттік реестр бар, сол реестрде журналист мамандығы жоқ, редактор, корректорлар ғана көрсетілген. Жалпы журналистер қауымы мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері сынды еш санатқа жатпайды», – деді Н. Жүсіп Jibek joly телеарнасындағы Уәде» бағдарламасында.

Сенат депутаты журналистерді зейнетақы мәселесінде, тұрғын үй бағдарламаларына қатысуында қолдау керегін айтты.

«Кешегі пандемия кезінде журналистер мен операторлар басын қатерге тігіп жұмыс істеді, ең өзекті ошақтардан хабар берді, олардың да ауырып қалуы, өліп қалуы да мүмкін еді ғой. Сол кезде ауырып қалған дәрігерге екі миллионнан төленді, қайтыс болған дәрігерлерге 10 миллион теңгеден төленді. Журналист сонда адам емес пе? Ол тәуекелге бармады ма? Сіз бен біз болмасақ, оны кім қорғауы керек еді? Сондықтан мәртебе бола ма, мәртебесіз бола ма, журналистерді қорғайтын механизм керек деп есептеймін. Заң журналистердің жұмыс істеуіне, кәсіби міндетін атқаруына, шығармашылық еркіндігіне мүмкіндік беруі керек», – дейді Нұртөре Жүсіп.

Айта кетейік, 30 қарашада Мәжіліс «Масс-медиа» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстарында талқылау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып, баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<