ЖҮЙЕ ЖҰМЫСЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

321

0

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалында ашық есік күні өтті. 

Азаматтарға әлеуметтік саладағы құқықтары мен мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған ашық есік күнінде, тұрғындар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі жаңалықтармен танысты.

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 5,9 млн адамға әлеуметтік аударымдар аударылған. Әлеуметтік аударымдар қызметкердің айлық табысынан ұсталмайды, олар жұмыс беруші қаражатынан төленеді. Яғни, қызметкер өз қаражатын жұмсамайды. Әлеуметтік аударымдар мөлшері 3,5% құрайды. Макроэкономикалық параметрлердің өзгерістерін ескере отырып, соның ішінде инфляция деңгейін, сатып алу қабілетін қолдау мақсатында, әлеуметтік төлемдер мөлшері МӘСҚ активтері есебінен жыл сайын артып отырады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘСҚ еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты, шамамен 100  мың әлеуметтік төлем алушыларға төлемдерді 16% арттырды. Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бастап 4 млн адам МӘСҚ-дан жалпы сомасы 905 млрд теңгеге әлеуметтік  төлемдер алды.

Барлық қызмет көрсету халық үшін тегін, өйткені МӘСҚ қызметі коммерциялық емес, тек әлеуметтік қорғау жағынан азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қолдайды. Сонымен қатар, халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі көрсеткіштері мен кәсіпорындардың қызметі туралы ақпараттандырылу мүмкіндігін қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлінеді. Осыған байланысты, МӘСҚ «Әлеуметтік сақтандыру көрсеткіштерінің картасы» деп аталатын аналитикалық құрал әзірледі. Ондағы мақсат – халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі көрсеткіштерімен ақпараттандыру. Бұл ақпараттық қызмет мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге, сонымен бірге азаматтарға қажет.

Карта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының www.gfss.kz сайтында орналасқан. 

Барлыбек БАТЫР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<