Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сол жағалаудағы 400 пәтерлік 10 тұрғын үйді иелеріне табыстады. Салтанатты шараға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.
– Өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамтуда, инфрақұрылымды қайта жаңғыртуда тиісті шаралар қабылданған. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді.
Азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда. Бүгін – мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін ерекше қуанышты күн! Қасиетті Рамазан айында, Наурыз мерекесі қарсаңында алған жаңа шаңырақтарыңыздың іргесі берік, керегесі кең, іші татулық пен берекеге толы болсын! – деді облыс әкімі.
Аймақтың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңірдің өсіп-өркендеуіне серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшылардың үлесі орасан. Жиында тұрғын үйді сапалы етіп салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – «Интегстрой» ЖШС құрылысшысы Әйгерім Қызбалаева.

– Құрылыс саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Негізінен сылақ, тегістеу, түрлі қоспаларды жағу жұмыстарын атқарамын. Кейінгі жылдары облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Сол себепті қысы-жазы бел жазбай жұмыс істейміз. Нәтижелі жұмыстың арқасында қаншама отбасы баспаналы болып, қуанышы еселенді. Бұл – біз үшін ең әсерлі көрініс – дейді құрылысшы.
Ал кезегі келіп, баспаналы болған көпбалалы ана Аяна Мақанова үйінің кілтін алғанда ерекше толқығанын жеткізді.
– Наурыз мерекесі қарсаңында баспаналы болдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Көптен күткен қуаныш. Жаңа жыл жақсылығымен келді. Он жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Көпбалалы ана ретінде 2 пайыздық бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткіздім. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры саласында еңбек етіп келемін. Мерейлі күнде қуанышымызды еселеген облыс әкіміне шынайы алғысымды білдіремін. Баспаналы болу әрбір отбасын жақсылыққа жетелейді. Үй кезегінде тұрғандарға қоныс тойын тойлау бұйырсын, – дейді ол.
Шара соңында қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев жиналған жұртшылыққа бата берді.
Жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер, кейінгі 3 жылда барлық ауданда алғаш рет жаңадан 1800-ге жуық пәтер табысталды.
Өткен жылы 2 477 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 36 млрд теңге қаралса, биыл кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер табыстау үшін 55 млрд 600 млн теңге жоспарланған.
Кейінгі жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





