Жылды қалай қорытындылаймыз?

49

0

Бір жылды артқа қалдырып, тағы бір жылдың табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Жылды қорытындылайтын сәт те жеткендей.
 Сіз үшін ит жылы қалай өтті? Қандай жетістікке жеттіңіз? Келер жылға не жоспарыңыз бар? Бұл сұрақтарға жауап табу көп уақыт алмас. Есесіне өзіңізге өзіңіз есеп беріп, келер жылға жарқын жоспар құра аласыз. Ол үшін үш дүниені ескере кеткен дұрыс. Бірінші биылғы жетістіктеріңізді тізіп жазыңыз. Екіншіден биыл қанша уақытыңызда қайда жұмсағаныңызды еске түсіріңіз. Үшіншіден келер жылға жоспар құрыңыз.
 1. Биылғы 20 жетістігіңізді жазыңыз. Ол жаңа қызығушылықтарыңыз, жұмыста дәрежеңіздің өсуі, өзге де пайдалы дүниелер болуы мүмкін. Біз айтқан 20-дан көп болса да, артық етпейді. Адам есінде жетістік көп сақталмайды. Керісінше қиындықтар, бітпей қалған іс пен қателіктер қалып отырады. Сондықтан да жетістікті жазып, бір марқайып алуға болады. Жетістіктеріңіз еске түспей жатса, әлеуметтік желілердегі жазбаларыңызды бір шолып шығыңыз. Жетістікті әр апта сайын жазып жүруге дағдыланған да жөн. Бұл өзіңді қанаттандырып, жаңа жақсы қырыңнан танылуға жол ашады.
2. Өтіп бара жатқан жылда көп уақытыңды неге арнадыңыз? Көбіне біржақты ғана жұмыс жасап, екінші тұсын ұмытып жатамыз. Мәселен мансапқа көп көңіл бөлеміз деп, жақын жандардан алыстап кететініміз бар. Ол үшін ақыл-ой, дене бітім, көңіл-күй, мансап, қаржы, қарым-қатынас пен демалысты бір теңдікте ұстап үйрену керек. Келер жылға басты жоспар осыдан басталады.
3. Келер жылға жоспарлаған ең басты үш мақсатыңызды жаз. Арман емес, мақсат болу керек. Өзіңіз үшін маңызы жоғары болғаны абзал. Жоспар кезінде уақытын (айы, күнін) жазуды да ұмытпаған жөн. Бұл жоспардың толықтай орындалуына көп көмегін тигізеді. Келер жыл Сіз үшін табысты болуына тілектеспіз! Жоспарларыңыз 100% жүзеге асып, жетістік шыңын бағындыра беріңіздер!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз