Жылу маусымының жауапкершілігі толастамайды

6

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде көмір өнеркәсібі мен генерациясын дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктелді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Мамырдың 1-не дейін алдағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі штабтарды құрып, тиісті іс-шаралар жоспарын бекі­тіңіз­дер. Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс. Әлеуметтік нысандарға сұйық және қатты отынды келісімшартта көрсетілген бағамен уақытылы жеткізіп, жылу қазандықтарын сұйық отыннан табиғи газға ауыстыру керек. Жылу орталығының қазан­дық­тарын, желілерді жөндеу мер­зімі 1 қазанға дейін деп бел­гіленген. Алдағы жылу беру маусымына дайындыққа күн­делікті мониторинг жүргізіп, жұмыстың сапасына баса мән беру қажет», – деді Данияр Еренғалиұлы.

Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы штат­тық режимде, кедергісіз өт­ті. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы арқылы 124,8 мың тонна көмір жет­кізілді. Ал алдағы жылу беру мау­сы­мына жалпы 111 мың, тұр­ғындарға 93 мың, әле­уметтік ны­сандарға 18 мың тонна көмір қажет.

Қазіргі уақытта елді мекендерді газ­дандыру қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 11 ауылдың тұрғындары табиғи газ тұ­тынуды бастаса, биыл тағы 10 ауылға «көгіл­дір отын» жеткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энер­гиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы салынды. Жоба «Акса энерджи» түрік ком­паниясының 215 млрд теңге инвестициясына жүзеге асты. Бүгінде орталық­тың 176 мегаватт электр энер­гиясын өндіру қуат­тылығы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоға­мы­ның қолдауымен қуаттылығы 1100 мегаватт бу-газ қон­дыр­ғысы салынады. Жобаны Urbacon Concessions Investments WLL компаниясы мен «Са­мұрық-Қазына» қорының бір­лескен кәсіпорны жүзеге асы­рады. Қондырғыны 2029 жылы толық іске қосу жоспарланған.

«СБ» ақпарат