Шаһар басшысы Нұржан Ахатов жылыту маусымында жылу беру мекемелерінің іркіліссіз жұмыс істеуін қадағалау мақсатында Оңтүстік жылу қазандығына барып, жылу берілу барысын тексерді.
Аралауда қала әкімі Нұржан Сәбитұлы жөндеуден өтіп жатқан бу қазандығындағы жұмыстарды пысықтап, «Жылыту маусымында көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар үздіксіз жылумен қамтылып, жылудан мәселе болмауы тиіс. Осыны бақылауда ұстаңыздар» деп, салаға жауапты басшыларға тапсырма берді.
Айта кету керек, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесіне қарасты Оңтүстік қазандықта 7 қазандық орналасқан. Қазандық Тасбөгет кентін, Шұғыла және Оңтүстік мөлтек аудандарын жылумен қамтиды. Оған көпқабатты 215 тұрғын үй, 36 жеке үй, 73 әлеуметтік нысан және 69 шаруашылық нысандары қосылған.
Қазір «BONO ENERGIA» типті 3 бу қазандығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «КЕ-25-14Е» типті 4 қазандықты қайта жаңғыртудан өткізу үшін жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Бұдан бөлек, қаланы жылумен қамтамсыз етіп отырған «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесіне қарасты 23 энергия беру көзі бар. Олар жылу электр орталығы, КОГТЭС, оңтүстік қазандық және қаланың өзге де аумақтарында орналасқан 20 автономды-блокты модульдік қазандықтары.
Қызылорда қаласының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<