Солтүстік Қазақстан облысында кредитор заңсыз несие беру, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет етіп, алаяқтықпен айналысқан. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз кәсіпкерлік қызмет, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық фактілері бойынша тергеуді аяқтады.
Айыпталушы 2013 жылдан 2025 жылға дейін күдікті тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген. Мәмілелерді заңды ету үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетілген. Себебі құжатта алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған.
Қарыздар бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5–10%-ына тең. Бұл жылдық есеппен 60-120%.
Сондай-ақ қарызды жасырып, қайта қайтару үшін мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген. Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс – 1,8 млрд теңгеден асты.
Күдіктінің әрекетінен көптеген азамат зардап шекті. Тез арада қаржылай көмек алғысы келген олар жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен мүлкінен айырылатынын біле тұра несие алған.
“Күдікті қарыз алушыларды ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеу үшін жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен. Бұдан бөлек, күдікті сот процестерін бастамашылық етіп, 11 миллион теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттар негізінде екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны туралы мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмаған”, – деп мәлімдеді агенттік.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
“Тыйым салынған мүліктің қатарында 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ “LAND ROVER RANGE ROVER” және “HYUNDAI STARIA” автокөліктері бар. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды”, – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.






