Жылыту маусымы басталғалы елімізде 1,3 миллионнан астам тұрғын үй араланып, тұрғындармен өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешов мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұрғындардың қалауы бойынша пештердің және электр желілерінің жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берілген.
– Профилактикалық рейдтердің нәтижесінде 110 мыңнан астам тұрғын үй өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтірілді, – деді Асқар Төлешов Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында.
Сонымен қатар ол өз сөзінде, әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әкімдіктер мен еріктілердің қатысуымен 2,5 мыңнан астам үйде пештер жөнделіп, қалыпқа келтірілді, 12 мыңнан астам мұржа тазаланды, 2,3 мың электр желісі жөнделді деп атап өтті.
Бұдан бөлек, тұрғын үйлерге газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын арнайы датчиктер орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 41 мыңнан астам датчик орнатылған.
– Бұрынғы жылу беру маусымдарында, яғни 2019-2024 жылдар аралығында осы датчиктердің уақтылы іске қосылуы шамамен 280 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Ведомство өкілінің мәліметінше, ағымдағы жылу беру маусымында, яғни былтыр 1 қазаннан бастап, ел аумағында 2195 өрт тіркелген. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 8 пайызға аз (2024 жылы – 2396). Қаза тапқандар саны 9 пайызға төмендеп, 107 адамды құрады (2024 жылы – 118), ал жарақат алғандар саны 7 пайызға азайып, 79 адамға жетті (2024 жылы – 85).
Айта кетейік, Атырауда жылыту маусымы басталғалы жер үйлерде 30 мәрте өрт тұтанған.
Сонымен қатар Астанада жылыту маусымы басталғаннан бері 55 өрт тіркелген.






