Бүгін Сыр елінде «Руханият жылы» аясында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған дастан нұсқаларын жырлаушылардың «Ақ туы төбесінде төңкерілген» атты республикалық жыр байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты қара орман жұрты мен кең жазираның азаматтығы жолында қол бастап, жау қайырған Жанқожа Нұрмұхамедұлының өнегелі жолы мен ерлік істерін ұрпақ жадында қайта жаңғырту. Жанқожа батырдың ерлігін паш ететін дастан нұсқаларын заманауи жыршылардың репертуарында қайта жаңғырту арқылы жыршылық дәстүрдегі эпикалық шығармашылықты насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. дәріптеу.
Жыр додасына Ақтөбеден жыр жүйрігі Демеубай Жолымбетов, Маңғыстаудан Аманкелді Сәңкібаев, Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, Мәдениет саласының үздігі, жыршы Марат Сүгірбай және дарынды жас жыршылар Досымжан Құрманғалиев, Аяулым Абдумажит, Талант Балтабай, Қуаныш Алғазиев, Нұрперзент Октябрұлы, Әлижан Болатбектер қатысты.
Екі күнге созылған жыр додасында жыршылар, Лұқпан Кенжеұлы, Сардарбек Қожағұлов, Орнықбай Сұлтановтардың нұсқаларында және Жанқожаның Созаққа баруы, Патыма қыз, Бабажан сарт салаларында екі сағатан аса жырлады.
Байқауға өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, ғалым Берік Жүсіпов, Жетісу жыр мектебінің өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы филармонияның директоры Ақан Әбдуалиев және мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетовтер қазылық жасаса, Жанқожа батырдың мұраларын жинақтаушы, белгілі журналист Нұрлан Көбегенұлы және жыршы Майра Сәрсенбаевалар сарапшылық етті.
Байқау қорытындысымен Бас жүлдені маңғыстаулық белгілі жыршы Аманкелді Сәңкібаев, жүлделі I орынды жыршы Марат Сүгірбай, II орынды ақтөбелік Демеубай Жолымбетов, III орынды Қуаныш Алғазиев пен Аяулым Абдумажит өзара бөлісті. Алғыс хат жас жыршылар Талант Балтабай, Нұрперзент Октябрұлы, Әлижан Болатбекке табысталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<