Жыршылық өнер жақұты

339

0

Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, тот баспай жеткен жыршылық өнерді жалғастырушылар жетерлік. Жан тебірентер терменің мақамын бұзбай, нақышына келтіре орындап жүрген Ақмарал Ідірісова солардың қатарында. Қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген талантты жастың талабы биік. Ол жыршылықтың өшпес жолын қалыптастырғысы келеді. Бүгінде Арал аудандық мәдениет орталығында өнерін шыңдап жүрген бойжеткеннің шерткен күйі мен шырқай салған әнін тыңдарман таңдай қаға тыңдайды.

– Жыршылық өнердің тұғыры қашанда биік. Ол – мазмұны әлде­қайда жоғары, құнды дүние. Қазақтың қазақтығын таны­татын да  дәстүрлі әні, күйі, жыры деп білемін. Шетелде эстрадалық ән арқылы сіздің қазақ екеніңізді ешкім аңғара қоймайды және онымен көпті таңғалдыра алмайсыз. Ал дәстүрлі әніміз, жыр-термеміз ұлттық болмысымызды ай­шық­тайды. Олар да осыған қызығады. Жалпы, өнер – халық тарихының шежіресі. Мұнда адамның қуанышы мен қайғысы бейнеленеді. Кезінде кең өріс алған, әншілік-термешілік мек­тептің қазіргі уақытта жоғалып кетпеуінің бірден-бір жолы – дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттау. Ата-бабадан қалған асыл мұраны көкейге тоқып, бойға сіңірсек, қазақ өнерінің тағылымы жалғаса береді. Мен де ақын-шайырларымыздың құн­ды мұраларын дәріптеуді, дәстүрлі әнді насихаттауды алдыма мақсат етіп қойдым. Мектепті тәмамдай салысымен өнер әлеміне өзгеше өрнек салуды қалаймын. Эстраданың бір сарындылығынан әнге деген құлшыныстың төмендеуі, кейінгі тыңдаушылар жырды түсінбеуі, дәстүрлі әнді жақын қабылдамауы мүмкін, әрине. Бірақ, қазақы жыр, дәстүрлі музыка өз құнарын жоғалтқан жоқ. Оның үстіне қазақ баласын термемен, жырмен тәрбиелеген. Ақтамберді, Махамбет, Шалкиіз, Дулат жыраулар – соған дәлел, – дейді кейіпкеріміз.

Дәстүрлі өнерді дамыту жолында бағытын айқындаған жас жыршының жеткен жетіс­тігі де өнердегі өрісінің кең боларын көрсетіп тұрғандай. Ақмарал – аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері. Шетел сахнасында өнерін паш еткен. 2016 жылы Баку қаласында өткен VII Халықаралық «Мугам» фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Биылғы жылды да жеңіспен бастады. Алматы қаласында қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев­тың 87 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр­лайды жүрек» республи­калық байқауында бас жүл­дені еншіледі. Сыр сүлейі Жаңаберген жыраудың «Жыр бастау» термесін орындап, қазы­лар алқасының жоғары баға­сына, жиналған қауымның ерекше алғысына бөленді. Гүлжамал Бейсова, Айбек Тәңірбергенов секілді жыршы-термешілерден тәлім алған Ақмаралдың алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғастырып, алға қойған арман-мақсатына қол жеткізеріне сенім мол.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<