Зиянкестерге қарсы күрес толастамайды

183

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың қатысуымен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясында семинар өткізілді. Онда ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен каратиндік обьектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру, химиялық өңдеу жұмыстарын атқаратын арнайы техникалардың дайындығы таразыланды.

Облыстық аумақтық инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев бұл бағытта салада жүзеге асқан жұмыстар барысы мен алдағы жұмыс жоспары жөнінде хабарлама жасады. Биыл ерекше қауіпті азиялық шегіртке зиянкестеріне қарсы 49765 гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізіледі. Ол мамыр-маусым айларының аралығында атқарылады. Оған арнайы 4 жер агрегаты, 3 аса жеңіл ұшақ және 2 ұшақ қатыстырылады.

Бұл бағытта мониторинг және фитосанитариялық жұмыстарды бірлесіп жүргізу мақсатында көршілес Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарымен ынтымақтастық келісім жасалды. Осы мақсатта инспекция және жергілікті атқарушы органдар арасында бірлескен жұмыс жоспары жасалды.

Зиянкестерге қарсы күрес толастамайды

– Фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі. Ол ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға жол ашады. Биыл зиянды, ерекше қауіпті зиянды организмдер және карантиндік нысандарға қарсы 5048,4 мың гектар алқапқа зерттеу жүргізіледі. Сәуір айында фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу үшін жұмысшы тобының отырысы өткізілді. Ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы жүйелілік бақылау негізінде Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында итальяндық, Шиелі, Жаңақорған аудандарында азиялық шегіртке дернәсілдері байқалды. Мониторинг жұмыстарын жүргізуге және 33 маман, 14 зертетуші және 27 автокөлік қатыстырылады. Қосымша көмек ретінде маусымдық жұмысқа ауылдық округтер мен шаруа қожалықтарынан 274 зерттеуші маман қосылады, – деді инспекция басшысы.

Облыста кеңінен таралған карантиндік зиянкестер қатарында калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, карантиндік арамшөп ретінде кекіре мен сарышырмауық енгізілген. Бұл бағытта облыс аумағында жаңа ошақтардың шығуына байланысты облыс әкімдігінің арнайы қаулысы жарияланған. Алдағы уақытта оларға қарсы өңдеу жұмыстары жүзеге асады.

Республикалық «Фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының мамандары және өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар 27 агро оқу ұйымдастырды. Онда ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандарына зиянды организмдердің дамуы, таралуы және олармен фиотсанитариялық күрес іс-шараларын уақытылы жүргізу жөнінде кеңес берілді.

Зиянкестерге қарсы күрес толастамайды

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов тиісті сала мамандарына бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды жауапкершілікпен дер мезгілінде атқару қажеттігін атап өтті. Әрбір жүйелі жүргізілген жұмыс мол өнімге негіз қалауға жол ашады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<