Ақтөбе облысы мен Қазалы ауданының арасында жолаушылар пойызы бағыты ашылды. Бұған өңірдің Арал мен Қазалы тұрғындарын ерекше қуантты.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» өңірлік филиалы өткен жылдың қазан айында іске қосылған «Ақтөбе-Шалқар» пойызының бағытын Қазалы стансасына дейін ұзартылғанын хабарлаған болатын. Міне, 2 сәуір күні аталған бағыттағы пойыз Ақтөбеден жолға шықты. Айта кетсек, ол «Шалқар» және «Сексеуіл» станциялары арқылы өтіп, «Арал теңізі» станциясына 5 минут аялдайды. Соңғы аялдама – Қазалы.
Кешегі бейсенбіде ол Қазалы теміржол вокзалына келіп тоқтады. Аудан тұрғындары алғашқы жолаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Теміржол вокзалында өткен шараға аудан әкімінің орынбасарлары Мұрат Әбсұлтанов пен Жәнібек Әлиев, бірқатар теміржол мекемелерінің басшылары қатысып, жұртшылықты құттықтады. Өнерпаздар әсем әннен шашу шашты.
Айта кетейік, жаңа бағыттағы пойыз 3 сәуір күні жергілікті уақытпен сағат 09:31- де «Арал теңізі» станциясына аялдаған еді. Жолаушыларды Арал қаласының әкімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы бастаған өнерпаздар мен қала тұрғындары күтіп алып, салт жөнімен жолаушыларға ұлттық астан дәм ұсынды.
Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны Гүлбарам Иман Арал және Қазалы тұрғындары үшін бұл пойыздың тиімді тұсы көп екенін айтады. «Менің ұлым мен қызым Ақтөбеде тұрады, сонда жұмыс істейді. Оларға жиі барып тұрамын. Бұл бағыт біз үшін өте тиімді болып тұр. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін!» дейді ол.
Нақты кезеңде мұнда 6 вагон бар. Оның үшеуі купе, қалғаны плацкарт. Акционерлік қоғам басшылығы жолаушы көбейген жағдайда тағы төрт және одан да көп вагон қосуды жоспарлап отыр. Жүру кестесіне келсек, №629 пойыз аптаның тақ күндері сағат 18:20-да жөнелтіледі. Ал №630 пойыз жұп күндері сағат 22:25-те жүреді. Соңғы аялдама Қазалы станциясына келесі күні сағат 11:32-де жетеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<