Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері үшін биылдан бастап қос диплом бағдарламасы негізінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде оқуға мүмкіндік туды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық пен келісімнің арқасында мүмкін болғанын айтуымыз керек.
Қазақстан мен Корея арасында 30 жылдан астам уақыттан бері тұрақты байланыс пен сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамыды. Ал Сыр өңіріндегі казақ және корей халықтары арасындағы достық Кеңес заманында корейлер Қызылорда облысына депортацияланғаннан бері қарай жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достықты нығайта түсті. Оның ішінде генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.
Осыдан екі жыл бұрынғы Кореяға іссапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар іскерлік кездесуге қатысып, өңірдің инвестициялық жобаларын таныстырды. Кореяның озық өндірістік технологияларын Сыр елінде енгізудің артықшылықтарына баса назар аударып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Ал былтыр Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің елімізге мемлекеттік сапары аясында тараптар арасындағы байланыс тағы жандана түсті. Атап айтқанда, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында «AI architect», «Data management» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадр даярлау туралы келісімге қол қойылды. Бағдарламаның тиімділігін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының студенттері пайдалана алады. Олар Қазақстанда алғашқы төрт семестр оқып, келесі төрт семестрді Сеултехта жалғастырады. Осылайша қос іргелі оқу орнының да дипломы қолға тиеді.
Еске салсақ, 2022 жылы LUPIC (Leading University Project for International Cooperation) жобасы аясында Корея Республикасының Білім министрлігі және Ұлттық зерттеу қорының қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект саласында маман даярлау орталығын құру және халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты нығайту.
2023 жылы осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласында кадр даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберіндегі бастамалардың жүзеге асқанының көрінісі.
Жоғары мектептің ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізудің маңыздылығын, министрлік осы бағытта білім беру бағдарламаларын іске асыратынын атап өтті.
– Қорқыт ата университетінде Сеултехтің Жасанды интеллект институтының ашылуы IT технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыруға, ғылыми зерттеу нәтижелері және өзара тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді, – деді министр.
Ал жасанды интеллекттің маңызды саласы – ауқымды ақпараттарды өндеу (Big data analysis) жөнінде LUPIC халықаралық жобасының жетекшісі Ким Джесу:
– Қызылорда облысында деректер орталығын құрудың маңызы жоғары және беретін мүмкіндігі де көп. Себебі ауқымды мәліметтер жинақталып жатыр. Бұл институттың басты мақсаты – осы деректерді жинап, өңдеу арқылы Қазақстанның әртүрлі салаларын пайдалы сараптамалық материалдармен қамтамасыз ету. Бұл стратегия – институттың негізгі бағыттарының бірі, – деді.
Институт цифрлық технологиялар, бағдарламалау, киберқауіпсіздік және деректерді талдау салаларында жоғары білікті маман даярлайды.
– 2024-2025 оқу жылында ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылды, оған 100 мемлекеттік грант бөлінді. 4 білім беру бағдарламасының әрқайсысына 25 студенттен қабылданды. Бірлескен білім беру бағдарламалары информатика, ақпараттық жүйелер, компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу, киберқауіпсіздік бағыттарын қамтиды. Олар СеулТех пен біздің университет бірлесіп құрастырған цифрлы технологиялар және жасанды интеллект салаларының талабына сай әзірленген, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев.
Жасанды интеллект бағытында білім ала бастағанына көп уақыт өте қоймаса да студенттер біршама жетістікке жеткен. Оның ішінде қалалық хакатондар, IT жарыстар және конференциялардың жүлделерін иеленіп, халықаралық «Huawei ICT Competition» жарысының финалына үміткерлер қатарынан көрінді. Қазіргі күні студенттер машиналық оқыту және деректерді өңдеу саласында жобалар дайындап жатыр.
Корея озық технологиялар жөнінен әлемде алдыңғы қатарда. Жасанды интеллект өмірімізге дендеп ене бастаған тұста бұл мемлекеттен үйренеріміз көп болмақ. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде атқарылып жатқан игі жұмыстар – осы бағыттағы маңызды қадам.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<