Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының қарауына жеке және заңды тұлғалардан 2124 өтініш түсіп, жоспардан тыс 278 тексеру жүргізілді. Нәтижесімен 348 заңбұзушылық анықталып, 235 нұсқама берілді. Жалпы 517 жұмыскердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді.
Қазіргі таңда еңбек дауларының алдын алу және оларды реттеу тетіктерінің бірі ретінде ұжымдық шарт қабылдаудың рөлі артып келеді. Былтыр жоспарға сәйкес 785 кәсіпорынның ұжымдық шарттары цифрландырылды.
Бүгінде жұмыс берушілер жұмыскерлердің еңбек шарттарының тіркелуі мен бірыңғай сақталуын қамтамасыз ететін «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді. Жыл басындағы көрсеткішке қарағанда, бірыңғай жүйеге 6838 кәсіпорындағы 132 325 жұмыскердің еңбек шарттары енгізілген.
Кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесі өндірісте жарақат алу және кәсіптік ауруды төмендетудің маңызды құралына айналғанын атап өтуге болады. Өткен жылы 2 кәсіпорында кәсіби тәуекелдерді бағалау жүргізілсе, осы жылдың қаңтар және ақпан айларында жоспарға сәйкес 4 мекемеге бағалау жүргізілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында «Нөлдік жарақаттану – Vizion Zero» тұжырымдамасына қосылу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 37 кәсіпорын аталған тұжырымдамаға қосылды.
Өткен жылы жоспарға сәйкес өңірдің 2192 кәсіпорны немесе 74,1% сақтандыру жүйесімен қамтылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 2403 жұмыс беруші немесе белсенді кәсіпорындардың 83,6%-ы жұмыскерлерін жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттарын жасасты.
Департамент алдағы уақытта да еңбек ұжымдарындағы ахуалды тұрақтандыру және өндірістік жарақаттануды төмендету, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
Ақпанның 24-інде Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің жыл қорытындысына арналған және алдағы міндеттер мен басым бағыттар белгіленген кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Алқа мәжілісінде ведомство басшысы Асқар Ертаев халықтың әлеуметтік қорғалуына назар аударып, жұмыс орындарын ашу, еңбек ұтқырлығын арттыру, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жүйесін нығайту, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру министрліктің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтіп, бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Атап өту керек, биыл Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті аумақтық департаменттердің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Жұмыс жоспарында негізінен өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын цифрландыру, Бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастыру бойынша әлеуметтік сала мекемелерінің (денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік қорғау мекемелері) штаттық кестелеріне сәйкес деректерді толық енгізуді аяқтау жұмыстары бар.
Сонымен қатар еңбек тәуекелдері картасындағы болжамды тәуекелі бар кәсіпорындармен жұмыс жүргізу, «Парыз» жұмыс берушілер конфедерациясымен, салалық кәсіподақтармен және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастықты арттыру міндеті тұр.
Жалпы биыл министрлік және комитет жүктеген басым бағыттар мен жоспарлы міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету негізгі жұмысымыздың бірі болмақ.
Б.ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы






