«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалында алдағы уақытта тауарлық газды бөлшек саудада өткізу қызметіне бағаның өсуіне қатысты жария тыңдау өтті. Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің мамандары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және өзге де жауапты мекеме мамандары қатысты.
Жария тыңдауда өндірістік филиал директоры Айбек Ерғали қызмет бағасының өсуіне қатысты мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, кейінгі кезде облыста тұрғын үй құрылысы мен елді мекендерді газдандыру көрсеткіші артып келеді. Осының нәтижесінде тұрғындардың «көгілдір отынды» пайдалану ауқымы кеңейе түсті. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда ол былтыр 22,5 пайызға ұлғайды. Атап айтқанда, төрт жылдың ішінде 34 елді мекен газға қосылған. Бүгінде өңірде абоненттер саны 144 мыңнан асады. Қазір тауарлық газды бөлшек саудада өткізу қызметінің бағасы 20 теңгені құраса, оны тағы да 2,9 теңгеге қымбаттатуға өтінім берілді. Бұл жөнінде нақты шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті қабылдайды.
Сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен мамандарының жалақысы бірнеше жылдан бері көтерілген жоқ. Оған қоса өзге де шығындар бар.
Жария тыңдауда облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов, қоғам белсенділері Болат Нұрқожаев, Серік Теңізбаев тақырыпқа байланысты ой-пікір білдірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<