Елімізде сәуір айынан қандай өзгерістер басталды? Қай салада қандай жаңа жүйе іске қосылмақ? Газет тілшісі санамалап көрген еді.
1-сыныпқа құжат қабылдау басталды
Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-анасының өтініші бойынша бала 1-сыныпқа 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электронды үкімет, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ, қағаз нұсқада 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында тапсыруға болады.
Өтініш демалыс және мереке күндерді есептемегенде, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Мопедтерді тіркеу аяқталады
Заң бойынша 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті тізгіндеуге тыйым салынады. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделеді.
Оны тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжат (электронды түрі де жарайды), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді тапсырасыз.
Өтінішті толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеу қажет.
Көлік салығын төлемегендер айыппұл арқалайды
Өткен жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталды. Егер салық төлемесеңіз, оны кешіктіргенге айыппұл есептеледі. Қарызды өтеу үшін борышкерге хабарлама жіберілгеннен кейін 30 жұмыс күні беріледі. Қарыз мөлшері 1 АЕК-тен асқан жағдайда салықтық бұйрық шығарылады. Егер қарыз өтелмесе, сот орындаушылары есепшоттар мен мүлікті бұғаттауы мүмкін.
Электрсамокат қозғалысы реттеледі
Жергілікті билікке электрсамокат қозғалысын реттеу құзыреті беріледі. Электрсамокат айдағандарға велосипед жолымен, жол жиегімен және қоғамдық көлік жолағымен жүруге рұқсат етіледі.
Цифрлық форматтағысы ғана қолданылады
Қазақстанда тек цифрлық форматтағы еңбекке жарамсыздық парақтары қолданылады. Бұл өзгеріс азаматтардың медициналық мекемелермен өзара байланысын жеңілдету үшін енгізіліп отыр.
Жаңа жүйе арқылы еңбекке жарамсыздық туралы мәліметтер тікелей жұмыс берушіге жолданады, сонымен қатар, бұл құжаттарды қолдан жасау қаупін төмендетуге көмектеседі.
Жаңа модул іске қосылды
1 сәуірден бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдаудың жаңа модулін іске қосты. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.
Сондай-ақ педагогтерді аттестаттау құжаттарын тапсыру да автоматтандырылуда. Енді педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады. Мұнда оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқықбұзушылықтары, аттестаттаудан өтуі, марапаттары және тәлімгерлік, цифрлық құжаттары туралы электронды ақпарат сақталады.
Қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталады
8-18 сәуір аралығында 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз гранттың І легі бойынша өтінім беру басталады.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты әлеуметтік осал топтар қатарындағы адамдарға, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Декреттік төлемдегі шектеу
Сәуірден бастап декреттік төлем өзгерді. Енді табысты көбейтіп, миллиондап ақша ала алмайсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босануға байланысты төлемдерге, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне төленетін жәрдемақыларға қатысты ережелерге өзгеріс енгізді.
Министрліктің мәліметінше, 113 қазақстандық әйел жүктілікке байланысты төлемдерге қатысты алаяқтық күдігімен тергеуге алынған. Олар декретке шығар алдында өздерінің ресми жалақысын әдейі көтеріп, мемлекеттен үлкен көлемде төлем алмақ болған.
Жаңа ережеге сәйкес, төлем есептеу үшін табысқа шектеу енгізіледі. Әйелдің табысы жоғары болса да, енді есептеуге тек 7 ең төменгі жалақы мөлшеріне дейінгі табыс қана алынады. 2025 жылға бұл шек 595 000 теңгені құрайды. Егер ресми табыс одан көп болса да, есептеу тек 595 мың теңгемен шектеледі. Сонымен қатар жұмыстан шыққаннан кейінгі аударымдар есепке алынбайды. Егер әйел жұмыстан шығып кеткеннен кейін (мысалы, декретке шыққан соң) оның атына мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қосымша аударымдар жасалса, бұдан былай олар есепке алынбайды. Бұл ереже декреттік төлемдерге де, бала күтіміне байланысты жәрдемақыға да қатысты. Өзгерістер бала күтімі төлемдерін де қамтиды, яғни бұл тек жүктілік пен босануға байланысты бір реттік төлемдерге ғана емес, бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақыларға да қатысты.
Бұл сәуірдің 8-нен бастап күшіне енеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<