Асыл дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Мешіт сөзі тілдік тұрғыда «масжид» сөзінен шығып, «сәждеге бас қоятын орын» деген мағынаны білдіреді.
Ал шариғатымызда: «Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді. Мешітті көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп, қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те атауға болады. Осы себепті мешіт деген кезде, ең алдымен, оның сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп, жан дүниесін қанаттандырып жіберетін рухани жағы ерекше аталуы тиіс. Қазақ жерінде мешіт салу ісі кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдерді қоспағанда, бір тоқтаған емес.
Еліміздегі ең көне мешіт ретінде 893 жылы Тараз шаһарында салынған құлшылық үйі, кезінде «Кедер» деп аталған қазіргі Құйрықтөбеде болған имандылық орны, Маңғыстаудағы IX-X ғасырларда салынған «Шақпақ ата» мешіттері саналады. Жалпы, Испиджаб, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз салдырған жертөле (қылует) мешітінен бастап, Құнанбай қажы тұрғызған ғибадат үйіне назар аударсақ, мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын көреміз.

«Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қалана бастағанына бір жарым ғасыр толып отырған «Айтбай» мешітінің орны мүлдем ерекше. Себебі, ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші болып табылады. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда облысының орталық мешіті болған мұндай көне әрі тарихи мешіттің маңызы өте зор. Өйткені, жамағат құлшылықтан бөлек, көненің көзін іздеп келеді, шежіресіне құмартып тұрады.
Десек те, «Айтбай» мешіті өзінің 150 жылдық тарихында басынан талай ақтаңдақ кезеңдер мен нәубетті жылдарды өткізді. Діни ғимарат талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ел егемендігін алып, етек-жеңімізді жинаған тұста да мешіттің айналасында түрлі дау арылмады. Имандылық үйі екеніне қарамастан, негізсіз әңгімелерге, әркім сан саққа жүгірткен тартыстар мен аңыздарға арқау болды.
Міне, бастауын сонау Перовск кезеңінен алатын мешіттің тарихын түгендеп, ел ішінде айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелердің ақ-қарасын ажыратуды басты мақсат-мұрат тұтқан осы тарихи деректі туындының біз үшін жаңалық екені сөзсіз.
Осы мұрат жолында біріге тер төккен Нұрсұлтан Мықтыбай мен Асхат Асқарұлының «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын кітабы, шын мәнінде, тұтас дәуірдің жүгін арқалаған құнды еңбек.
Олай дейтініміз: құлшылық үйіне байланысты бұрын-соңды мүлдем жарық көрмеген сан жылдық мұрағаттық деректер осы кітапта тұңғыш рет жарияланып отыр. Ерекше атап өтерлігі – авторлар мешітке байланысты орын алып келген олқылықтың орнын толтыру мақсатында тек еліміздегі ғана емес, сондай-ақ Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда, көршілес Ташкент шаһарындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде жүйелі түрде жұмыс жасап, айрықша еңбек еткен. ХІХ ғасырда қазақ даласында мешіттер санының артуы Исламның халық өміріндегі маңызының артқанын көрсетеді.
Мысалы, Сыр бойында сол кезеңде мешіттер көптеп салынып, өткен ғасырдың аяғына таман олардың саны 100-ден асқан. Бұл ғимараттар тек құлшылық орны ғана емес, білім мен тәрбиенің, руханияттың орталығына айналды. Әр мешіттің тарихы белгілі бір тұлғаның есімімен тығыз байланысты.
Біздің аталарымыз салған осы мешіттер отаршылдық саясатқа қарсы рухани қалқан бола білді. Олардың қызметін зерттеу – бүгінгі ұрпақтың маңызды міндеті, себебі оларсыз ұлттың рухын, бет-бейнесін сақтап қалу мүмкін емес еді.

Осы тұста, кітап авторлары «Айтбай» мешітін салған атақты көпес, халық жанашыры болған Айтбай Балтабаев туралы да тереңірек зерттеп, күні бүгінге дейін беймәлім болып келген оның өмір жолына байланысты тың деректерді тапқанын ерекше атап өткен жөн. Айтбай Балтабаев секілді тұлғалар тек дінді жақтаушы ғана емес, сонымен қатар, қоғам қайраткерлері болған.
Олар халықты имандылыққа шақырып қана қоймай, ел ішіндегі үлкен істерге араласып, елді отырықшылыққа, мәдениетке үндеген. Осындай азаматтар өз қаражатына мешіт салып, мектеп ашып, халықты сауаттандыруға зор үлес қосты. Егемендікке жетуімізге рухани негіз қалады. 1930 жылдардағы тоталитарлық жүйе діни ошақтарға үлкен соққы болды.
Атеизм саясатының күшеюімен мешіттер жаппай жабылып, діни тұлғалар қуғындалды, атылды немесе жер аударылды. Тірі қалғандары Иран, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге кетуге мәжбүр болды. Бұл – ұлтымыздың рухани тарихындағы үлкен трагедия. Кітапта Балтабаевтар әулетінің де басынан кешкен осындай тауқыметі кеңінен сөз болады.
«Қазақтардың Исламға немқұрайлы қарағаны», «үстірт Исламды ұстанғаны» туралы пікірлер кеңестік тарихнаманың таптаурын көзқарасы еді. Алайда, тарихи деректер мен этнографиялық материалдар қазақ қоғамының мұсылмандық бірегейлігінің тереңде жатқанын дәлелдейді. Қолдарыңыздағы еңбек – осының айқын дәлелі. ХІХ-ХХ ғасырларда мешіт салған тұлғалар, жұртты имандылыққа шақырған ишан, ахун, хазірет, молдалар – қазақтың дінінің ғана емес, тарихы мен жерінің, тілінің жоғалмауы үшін күрескен қайраткерлер. Олардың мешіттері мен қорымдары бүгінде киелі орындарға айналды. Осы тұлғаларымыздың тарихын зерттеп, еңбегіне әділ баға беру – біздің қастерлі парызымыз.
Елімізде бұрын-соңды бір ғана мешітке тұтас кітап арналып, оның тарихына байланысты жеке-дара еңбек жазылмаған. Кітаптың тағы бір жаңалығы – осы. Олай болса, бұл жинақтан әркім өзіне керегін тауып, бастысы көкейдегі сауалдардың күрмеуі шешіледі деп сенемін.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына толымды тарту жасаған осы еңбектің авторларына және жарық көруіне атсалысқан барша жанға алғыс айтамын. Алла Тағала мешіттерімізді көбейтіп, ішінің жамағатқа толуын нәсіп етсін! Егемен еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти





