Жер анаға түскен алғашқы із

16

0

Сыр бойы – қазақ тарихының терең тамырына айналған қасиетті өлке, қазақ өркениетінің, руханияты мен шаруашылық мәдениетінің алтын діңгегі.

Ежелден-ақ Сыр бойы егін шаруашы­лығымен, суармалы егіншілік жүйесімен танымал болған. Сол қасиетті өңірдің Қар­мақшы ауданы да диқан еңбегінің белсенді аймағы саналады. Мұнда күріш өсіру дәстүрі қалыптасып, кеңестік кезеңде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Осы жолдың әр қадамына өлшеусіз үлес қос­қан Еңбек ерлері – өңір тарихындағы еңбек даңқының символы. Қазір де Қар­мақшы диқандары сол даңқты жолды жал­ғастырып, ел ырысын еселеп келеді.

Осы егіншілік мәдениетінің бастауы алғашқы шаруашылықта пайдаланылған қарапайым құрал-саймандарда жатыр. Қа­­рапайым ағаш пен темірден жасал­ған бұйымдар, бүгінгі күнде музей қо­рын­да сақталғанымен, олардың бойында ха­­лықтың маңдай тері, төзімі мен дана­лығының үнсіз куәсі бар. Егін шаруа­шы­лығында қолданылған құралдардың көп­шілігі табиғи материалдардан – ағаш пен темірден жасалған. Кетпен, орақ, шот, балта, соқаның әртүрлі түрлері, тырма, күрек – бәрі де далалық тіршіліктің қажеттілігінен туған. Ұсталардың шебер қолынан шыққан бұл құралдар тек шаруашылыққа ғана емес, халықтың дүниетанымына да әсер етті. Әр құралға қатысты ырым-ты­йымдар, наным-сенімдер қалыптасты. Мы­салы, орақты аттап өтуге болмайды, кет­пенді түнде далада қалдырмау керек деген түсініктер бар еді. Бұл – еңбекке, жерге деген құрметтің көрінісі.

Аудандық музей қорында сақталған құралдардың бірі – соқа. Соқа – адамзат өркениетінің ең көне еңбек құралдарының бірі. Ағаш сабы немесе тұтастай темір­ден соғылған жүзі бар бұл құрал қара жер­ді аударып, оны тұқым себуге дайын­дау­ға мүмкіндік берген.  Оның алғаш­қы қа­ра­пайым түрлері б.з.д. IV-III мыңжыл­дықтарда пайда болып, жерді өңдеудің не­гізін қалады. Қазақстан аумағында, әсіресе Сырдария бойында, соқаға негізделген егіншілік дәстүрі ежелгі және ортағасырлық кезеңдерден бастау алған. Орта ғасырларда ағаш сабы мен темір жүзі бар соқалар пайда болып, көбіне мал күшімен тартылған. XIX ғасырдың соңында темір соқалар кеңінен қолданылып, егін өнімділігін арттырды. Кеңестік кезеңде егін шаруашылығы бір­тіндеп механикаландырылып, трактор мен плуг кең қолданыста енгенімен, дәстүрлі соқа ауыл өмірінде ұзақ уақыт сақталды, әсіресе шағын шаруашылықтарда пайдаланылды.

Соқамен жыртылған жер – диқан үшін қасиетті алаң. Сол жерге дәнді да­қыл себіліп, су беріліп, маңдай тер сің­ген. Бұл ауылдық қауымдастықтың бір­лес­кен еңбегін талап еткен үдеріс еді. Ғы­лыми тұрғыдан алғанда, соқа – қазақ дала­сында отырықшы және жартылай оты­рықшы егіншілік мәдениетінің қалып­та­суын дәлелдейтін маңызды архео-этногра­фиялық дерек.

Қарапайым құрал сияқты көрінгенімен, соқаның бойында тұтас бір дәуірдің ізі, ата-бабамыздың төзімі мен даналығы сақ­талған. Қара жерді тілген соқадан бастап, маңдай термен жиналған егінге дейінгі жол – халқымыздың еңбексүйгіштігі мен төзі­мінің айқын дәлелі.

Қазіргі заманда техника дамып, егін шаруашылығы толықтай механикалан­ды­рылғанымен, көне құрал-саймандардың та­рихи және тәрбиелік мәні жойылған жоқ. Бүгінде Қармақшы аудандық тарихи-өл­кетану музейінде сақталған әрбір кетпен, орақ немесе соқа – бір әулеттің, бір ауылдың, тіпті тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оларсыз  қазақ ауылының өткен өмірін елестету мүмкін емес.

Бүгін осы құралдарға көз сала отырып біз тек өткенді ғана емес, ата-бабамыздың жерге деген сүйіспеншілігін, адал еңбекке деген құрметін танимыз. Сол құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі буынның басты парызы.

Баршагүл САХИЕВА,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы