Ол кездегі талап бойынша мектеп бітірген әрбір түлекті өз құрбылары секілді үкімет тапсырмасымен ауылда қой бағуға комсомолдық жолдамамен жіберетін.
Біздің жастық шағымыз еңбекпен тығыз байланысты болды. Мұқан Омарұлы Қазалыдағы № 67 қазақ орта мектебін бітірген жылы әкесімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында бір отар қой бағуға келіседі. Осы бір жыл ішінде Тәңірдің сыйы ма, әлде малдың күтімі жақсы болды ма, әкелі-бала 100 саулықтан 136 қозы алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді, еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Болашағынан үміт күткен кеңшар басшысы Мұқаңды жолдамамен Қазақ химия-технология институтына оқуға жіберді. Оны 1964 жылы «ет-сүт өнеркәсібінің инженер-технологы» мамандығы бойынша аяқтап шығып, еңбек жолын Семей қаласындағы ет консерві комбинатында бастады.
1965 жылы әскердегі борышын өтеп келген соң, Оңтүстік Қазақстан облыстық «етсауда» тоңазытқыш мекемесіне жұмысқа орналасады. Мұнда да жігерлі жас алғырлығымен, іскерлігімен көзге түседі. Соның арқасында ол цех басшысы, бас тауартанушы лауазымдық жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарды. Осындай тәрбиелі жасты облыс басшылары Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырады. Бұл кез белгілі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневті Шымкент қаласында облыстық халық депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырған кезі еді.
Анығын айтқанда, КСРО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущевтің озбыр өктемдігімен жазаға ұшырап, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына келген Жұмабек Тәшенев сынды туған халқына, жеріне жанқиярлықпен қорған бола білген абзал азаматпен қызметтес болудың сәті түседі.
Қазақтың арда туған азаматы Жұмекең нұсқаушы Мұқанға келген күннен көңіл бөліпті. Қазақтың қаймағы бұзылмаған өңірінде өскен қызметкерінің еркіндігін, пікір-тілектерін, сыпайы да айқын жеткізе алатын қабілетін, інілік ізетін, орындаушылық қабілетін тап басып таниды. Сондықтан Мұқаңды көп ұзатпай төраға орынбасарының көмекшісі қызметіне шақырады. Қызмет бабында қоян-қолтық араласа жүріп, ол Жұмабек ағасынан көп тәрбие алады, адамдармен қарым-қатынас жасаудың адамгершілік арқауының неден бастау алатынын, тағы басқа ізгі қасиеттерді үйренеді. Әсіресе, ағасының: «Аманатқа адал болыңдар, сенімді жоғалтпаңдар, сенім жоғалса қадір-қасиеттерің кемиді» деген ақыл-кеңесі өмір бойы бойтұмарым болды, дейді Мұқаң.
Тегі, Орталық Жұмекеңнің қызметін төмендетіп, шалғайға жібергенімен қоймай, әрбір қадамына қарауыл қойған тәрізді. Артынша әлеуметтік, жергілікті өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет көрсету, сауда, ішкі істер басқармасының жұмыстарын үйлестіріп, бақылау жасайтын орынбасар қызметіне тексеру келді. «Осы сынақтан да сүрінбей өтті. Бұл Жұмекеңнің тазалығы еді», – деп еске алады бүгінде Мұқаң.
1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданы, «Танакөл» ауылында дүниеге келген Жұмабек Ахметұлы, 71 жасында 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында дүниеден өтті. Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының басшысына қарсы тұрып «маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы» деген ағамыздың атында Шымкент қаласында көше де, ескерткіш те бар.
Егер менің бойымда қандай да бір жақсы қасиет болса, ол сөз жоқ, мен үшін мәртебелі мектеп болған Жұмабек ағадан алған үлгім, – дейді. Үйренген үлгісін өміріне өзек ете білген Мұқаң талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Партия, кеңес мекемелерінде алған тәжірибесінен кейін «Қазетсүтсауда» өндірістік бірлестігінде бас директордың орынбасары, бас директоры, президенті сатысына көтерілді. Қай салада жүрсе де ұстазы айтқан тазалық, адалдық принциптерінен айныған емес.
Талай белесті бағындырып, ұзақ жылдар бойы атқарған еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Өзіне жетерлік орден-медальдары, министрдің, облыстың Құрмет грамоталары, алғыс хаттары жетерлік.
Бүгінде 83 жасқа келген Мұқаң қоғамшыл қасиетінен танбай, әлі де қатардан қалмай келеді. Ол Шымкент қаласындағы әл Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шымкент қаласының құрметті азаматы. Жұбайы Дариғамен екеуі үш ұл, бір қызынан 14 немере сүйіп отыр. Оның бар ой-мүддесі Отанымыздың тыныштығы, халқымыздың ынтымағы, ауызбірлігі.
Мұқаң жұмыстан шыққан соң кеңсесінің дәл іргесіндегі Жұмабек Тәшенев атындағы көшесімен ілгері жүріп, үйіне қайтады. Жұмабек ағамен бірге өткен жарқын күндерін сағына еске алады. Жұмекең жайраңдап қарсы алдынан шыға келетіндей елеңдейді.
Міне, менің сыныптас досым – Мұқан Омарұлы осындай адам, ендігі біздің тілегіміз Дариғамен бірге ұзақ өмір сүріп, көрер қызықтары мол болсын дейміз.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<