Қырық жылға созылған қасірет

667

0

Биыл 13-рет әлем халқы 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтті. Атаулы күн 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл күні еріктілер мен белсенділер мемлекеттердің қолдауымен рұқсат етілген митингілер мен түрлі шараларға қатысады.

Әлемнің барлық елдері бірауыздан қабылдаған санаулы әлемдік мерекелердің бірін белгілеуге Қазақстан бастамашы болды. Ал, мереке күні ретінде Семей полигонының ресми жабылған күні – 1991 жылғы 29 тамызды алуды ұсынды.

Сонау 1949 жылы дәл осы күні Семей қаласының маңында Қазақстан жеріндегі алғашқы атом жарылысы болған. Содан бастап қазақ даласының миллиондаған гектар жері 40 жыл бойы ядролық сынақ алаңы болды. Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған сынды полигондар орналасқан жерлердің табиғаты әсем, шұрайлы жайылымдар еді. Осы жерлерде 1949-1989 жылдар аралығында болған ядролық сынақтардың 27-сі атмосферада, 18-і жер бетінде, қалғаны жер астында жасалды.

Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ, Ресейде 225, АҚШ-та 1032, Қазақстанда 500-ден астам жарылыс жасалған. Қазақстан жерінің қаншалықты зардап шеккенін осыдан-ақ білуге болады. Оның үстіне, дүние жүзіне танымал Капустин, Лобнор сынды ядролық сынақ алаңдары Қазақстанға жақын жатқан аумақтар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Қырық жыл бойы Семей полигонында ядролық қарудың сынақтары жүргізілді. Салдарынан үлкен экологиялық апат орын алды. Адам денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірілді. Халықтың өлімі мен жалпы сырқаттанушылық деңгейі артты.

Семей ядролық полигоны 1948 жылы алғашқы кеңестік ядролық құрылғыны сынау үшін арнайы құрылған. Полигон Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының түйіскен жерінде 18500 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. 1949 жылдан 1989 жылға дейін полигонда 456 ядролық сынақ жүргізілді. 1963 жылы КСРО, АҚШ және Ұлыбритания ядролық қаруды атмосферада, ғарышта және су астында сынауға тыйым салу туралы шартқа қол қойғаннан кейін, жерасты сынақтарының саны күрт өсті.

Барлық жарылыстардың күші Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе көп болды. Түрлі мәліметтер бойынша, Семей полигонындағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті.

Семей полигонындағы соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды. Ядролық сынақтар басталғалы 42 жыл өткен соң, 1991 жылы 29 тамызда Президент Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі біржақты тәртіпте біржола жабылды.

Жалпы, әлемде жарты ғасыр ішінде ядролық қаруды әртүрлі орталарда сынау бойынша 2000-нан астам жарылыс жасалған. Ядролық қаруды сынау алғашында ғылым мен технологияны дамыту бағытында жасалғанымен, кейін одан атом бомбасы дайындалып, соғыс мақсатында пайдаланылды. 1945 жылы атом бомбасын алғаш рет АҚШ Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастады. Адамзат тарихында жасалған бұл қасірет әлі күнге дейін жапондарға зардап шектіруде. Ал Қазақстан жерінде сыналған 500-ден астам атом бомбасының зардабы айтпаса да түсінікті.

1996 жылы қабылданған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қарамастан, содан бері де кем дегенде 5 жарылыс жасалған.

Алғашқы жарылыстан бастап-ақ, жаппай қаруланудың соңы жақсылыққа апармайтынын білген белсенділер әлі күнге дейін түрлі ядролық сынақтарға қарсылық акцияларын өткізіп келеді. Мысалы, 1947 жылы американдық атом ғалымдарының журналы «Қиямет күні сағаты» деп аталатын жобаны бастаған. Олар ядролық катаклизмнің басталу уақытын тәуліктің соңғы минуттары етіп көрсеткен. Минуттық тілдің тербелісі атомдық апатқа дейін қалған уақытты бейнелейді.

Дегенмен, ядролық қаруға, сынақтарға қарсы тиімді бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыру қажеттігі әлі күнге өзекті болып отыр. Әлемдік саяси аренадағы қазіргі шиеленісті жағдайды ескере отырып, ядролық қарудың кезекті қаупі айқын бола түсуде. Сондықтан әлемдік қауымдастық мұндай сценарийдің алдын алуға бар күш-жігерін салуы қажет.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<