Сазан, қазан және қалам

1579

0

Фото: Б.Омаров парақшасынан

Басына БАҚ қонған ауыл

Біздің ауыл… Теңіз қолтығына тығылған кәдімгі Қаратерең. Байырғы балықшылар мекені. Әкелеріміз әуелден сазан ұстады. Шешелеріміз қашаннан қазан ұстады. Солардан туған, ертелі-кеш балық жеп, шөбіре шөпшіп өскен балалар қалам ұстады. Құт қонған Қаратереңде екінің бірі өлең жазады. Балдар да, шалдар да… Сол өлеңнің бәрінде өмір шындығы өріп жүреді. Адамдары шетінен айтқыш. Баяғыда Аралға мұхит балықтарын жерсіндіруге әкелген кезде жап-жалпақ камбаланы көріп қомсынған бір ағам: «Апым-ай ә, мынау бір теннис ойнауға таптырмайтын балық екен!» депті. Жер түбінен жол шегіп, қаңғып келген камбаланы атақты ақбалық пен маңқиған мөңкенің қатарына қойғысы келмегені. Осындай қара сөзден қарма пісіріп, сорпа сапырған менің тілге жүйрік ауылдастарым қазақ журналистикасын ілгерілетуге кәдімгідей-ақ атсалысты.

Қаратереңнің алғашқы журналисі – ұлт баспасөзінің патриархы Шәкірат Дәрмағамбетов. Қазір Арал қаласында тұрады. Жасы жүзге жуықтап қалды. Әлі тың. Қолынан қаламы түскен жоқ. Бүгінгі ақпарат саласының түрлі трендтерін жетік меңгерген ақсақал. Стилінен мін таппайсың. Жуырда Жанболат Аупбаев ағам қарт журналисті арнайы іздеп барып, сұхбаттасып қайтты. Одан соң Шәкірат ағаның туған інісі Шәкізат Дәрмағамбетов жазу өнерінде өзгеше соқпақ салды. Елге танымал еңселі басылымдарда қызмет істеді. Бұлардан кейін Бегімбай Ұзақбаев құлашын кең сілтеді. Тарихи романдар әлеміне еркін бойлады. Қаратереңнің бүкіл баласы романтик боп жүргенде ол романист атанып, жүзден жүйрік шықты. Біздің ауылда өсіп-өнген Бибайша Алпысбаева деген журналист апайымыз бар. Қызылордада басылатын «Ақпарат. Kz» деген газетті басқарады. Қаратереңде кіндік қаны тамған тағы бір мойны озық оғыланды атауға тиіспін. Ол – Ұлыбританияда оқып келген білікті маман, жілікті журналист Нұрбек Әмиша. Баяғы Байбарыс секілді Қаратереңнен көшіп барып, Ақтөбенің ақпарат әлемін жаулап жүрген Талғат Тілеулесов деген пәрменді періміз тағы бар. Оны айтасың, осы ауылдың май топырағында аунап өскен кейінгі бірер балалар ұлттық арнаның әлемнің алпауыт елдеріндегі меншікті тілшілері болып қызмет істеді. Қаратереңнен өрген кәсіби журналистердің саны жиырмаға жуықтайды. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. Айтпақшы, бір заманда ауылымызда аудандық «Толқын» газетінің Аралбай Нарымбетов, Жылқайдар Әбдірейімов деген штаттан тыс тілшілері бар еді. Ол екеуінің абырой-беделі басылымның аппаратындағы қызметкерлерден бір де кем емес-ті. Ара-тұра жазған дүниелері ірілі-ұсақты әкімқараларды тәлтіректетіп жіберетін. Мақала шыққан күннің ертеңіне ел-жұрт екеуін сабылып іздеп жүреді. Қаратереңнің журналистері белгілі басылымдар мен танымал телеарналардың бәрінде дерлік жұмыс істеді. Ешқайсысы да жаман атын шығарған жоқ. Сөйтіп, бұл ауылға жазу қонған, БАҚ қонған. Тіпті менің айтымы да, қайтымы да тез кейбір мінезді ағаларымның ет қызуымен жоғары жаққа жазып жіберетін арыздарынан да бірде-бір грамматикалық қате таппай қиналасың.

Тегінде, біздің Қаратерең – ұшқыштары көп ауыл. Одан кейінгі танымал мамандары – осы журналистер. Ғалымдары да жеткілікті. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме… Бүгінгі тақырып – жазудың жайы, баспасөздің айналасы. Басқа сөзді қайтеміз…

***

Қарымды қаламгер Құрманғазы Қараманұлы ағамның бір кейіпкері «Менің асып бара жатқан алабөтен өнерім жоқ, тек осындай ойға түйгендерімді анда-санда дәптеріме жазып қоятыным болмаса…», – дейтін еді. Сол секілді біз де осы ауылдан шықтық. Қаратереңнің мектебін бітірдік. Құм суырған құба жоннан сөз суырдық. Телегей теңізден ой ауладық, сөйлем құрап, өлең өрдік, жыр жаттадық. Сондықтан, ептеп қана жазатынымыз бар… Таланттылары мен қанаттылары көп киелі мекеннен бізге де бірдеңе жұққан да…

***

Қаратереңнің қолына қалам ұстаған бүкіл перзентін және бұқаралық ақпарат саласындағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! «Ауытбектің Сауытбекке ноутбукпен жазған хатындай» сөзі сайлы, жілігі майлы өткір дүниелеріңіз көбейе берсін!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<