Менің өмірімде үлгі тұтатын тұлғалардың бірі – атам Әбсадық Жанұзақ. Оның өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мені әрдайым жігерлендіріп, биік мақсаттарға жетелейді.
Атам 1908 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Ол 1932 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп, бүкіл ғұмырын халыққа қызмет етуге арнады. Алматыдағы Жоғары партия мектебін тәмамдап, баспасөз саласында абыройлы қызмет атқарды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда атам Отан қорғауға аттанып, 1941–1946 жылдары Кёнигсберг қаласы маңындағы майданда ерлікпен шайқасты. Әскери қызмет барысында капитан шеніне дейін көтеріліп, батылдығы мен адал еңбегі үшін Иосиф Сталиннің қолынан алғыс хат алды. Соғыстан кейін де ел игілігі жолындағы еңбегін жалғастырып, Арал қаласындағы «Толқын» газетінің редакторы болды. Кейін «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі және арнаулы тілші қызметтерін атқарып, өңір журналистикасының дамуына зор үлес қосты.
Атамның өмірлік серігі Палбибі Ерназарқызы 1917 жылы «1 Мамыр» совхозында дүниеге келген. Екеуі тату да өнегелі отбасы құрып, үлкен әулеттің негізін қалады. Олар балаларына жақсы тәрбие беріп, білім мен еңбекті жоғары бағалауды үйретті. Балалары – Раиса Әбсадыққызы Жанзақова, Сұлтанбек Әбсадықұлы Жанзақов, Мұрат Әбсадықұлы Жанзақов және Майра Әбсадыққызы.
Мен үшін ерекше мақтаныш – атамның тәлімін көрген немерелерінің бірі менің анам Айнұр Хамитқызы Ахметжанова. Біздің әулетімізде білімге құштарлық пен адал еңбекке деген құрмет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Тағдырдың қызық сәйкестігі болса керек, атам 1908 жылы дүниеге келсе, араға дәл жүз жыл салып мен 2008 жылы өмірге келдім. Бүгінде журналистика мамандығын таңдауыма атамның өмір жолы ерекше әсер етті деп ойлаймын. Оның газет беттерінде қалдырған ізі, халық үшін атқарған еңбегі мені де осы саланы таңдауға жетеледі.
Қазіргі таңда мен журналист болуды армандаймын. Болашақта қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, халықтың үнін жеткізгім келеді. Бұл жолда атамның өмірі мен еңбегі маған әрдайым күш-қуат береді. Оның қайсарлығы, еңбекқорлығы және өз мамандығына деген адалдығы мен үшін үлкен өнеге.
Әбсадық Жанұзақ 1994 жылдың ақпан айында 86 жасында дүниеден өтті. Алайда оның есімі мен еңбегі біздің әулетіміздің жадында мәңгі сақталады.
Атамның жолын жалғастыру – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мақтаныш. Мен оның жарқын өмір жолынан үлгі алып, халқымның игілігі үшін еңбек етуге ұмтыламын.
Назым Ахметжанова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті





