Қоғамның берік тірегі

5

0

Қазақ қашанда отбасының бүтіндігін елдің тұтастығымен сабақтастырып, шаңырақтың шаттығын ұлттың бақытына балаған. Әке өнегесі мен ана мейірімі тоғысқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет салтанат құрған отбасы – қоғамның ең берік тірегі. Осындай асыл құндылықтарды дәріптеген «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, Сыр өңірінің өнегелі әулеттері құрмет төрінен көрінді.

«Құзыреттілік орталығында» өткен сал­танатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеум­бетов, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым­дардың белсенділері мен байқауға қатысушы отбасылар жиналды.

Жылы жүздесуге, ізгі тілекке толы бас­қосуда отбасы құндылығының қоғам өмірін­дегі орны айрықша айтылды. Аймақ басшысы жиналғандарды байқаудың қорытындысымен құттықтап, отбасы қоғам­ның алтын діңгегі, ұлт руханиятының берік тұғыры екенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы инсти­тутының қо­ғамдағы орнына қатысты пікі­ріне тоқталды. Мемлекет тұ­тас­тығы берік отбасы мен саналы ұрпақ тәрбиесінен бас­тау алатынын айта келе, ата-ананың жауап­кершілігін арттыру, ба­лалардың құқық­тары мен мүдделерін қорғау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ отба­сының мәртебесін көтеру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңызына тоқталды.

Байқаудың биылғы облыстық кезеңінде 220 отбасының арасынан 16-сы үздік деп танылды. Бұл – бір шаңырақтың ғана емес, от­басы тәрбиесін ұрпақтан ұрпаққа жалғаған тұтас әулеттің мерейін асыратын мәртебе. Қа­зылар алқасының шешімімен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің бас жүлдесін Арал ауданынан келген Құт­мам­бетовтер отбасы иеленді. Әулеттің ақсақалы Хангене Құтмамбетов саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, ұзақ жыл бойы адал еңбегімен елге қызмет еткен. Бүгінде ол – сегіз баладан тараған 30 немере мен 45 шөберенің қызығын көріп отырған үл­кен әулеттің ардақты қариясы. Жұбайы Үрімжан Нұрдәулетова бар ғұмырын бала тәр­биесіне арнаған ардақты ана. Ұрпағын еңбек­қорлыққа, бірлік пен үлкенді сыйлауға баулыған Құтмамбетовтер шаңырағында от­ба­­сы сабақтастығы мен ұлттық тәрбиеге ай­рықша мән беріледі. Әулет мүшелері атадан қалған өнегені жалғап, берекелі тірлік пен татулықты басты құндылық санайды.

І орын Шиелі ауданынан Бәкіровтер отбасына бұйырды.

‒ Қазір 92 жастамын. Жеті ұл, бес қыз тәр­биелеп өсірдім. Бүгінде 44 немере, 95 шөбере сүйіп отырмын. Аллаға шүкір, ұрпағым өсіп-өніп, әрқайсысы өз орнын тауып келеді. Мен үшін ең үлкен мерей де, ең үлкен байлық та – осы. Балаларым мен немере-шөберелерімнің тәрбиелі, бір-біріне қамқор болып өскеніне қуанамын. Осындай үлкен әулеттің ортасында отырғанымды үлкен бақыт деп санаймын, – деді Әбен Бәкіров.

ІІ орын Қазалы ауданынан келген Дос­хожаевтар отбасына бұйырды. Әулеттің тірегі Әли Ақмырзаұлы мен Салия Мәдәли­қызы 42 жылдан астам уақыт бойы өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткеріп, бір шаңы­рақ астында төрт ұл мен тоғыз қызды тәр­биелеп өсірген. 13 перзентке ана болып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірген Салия Мәдәлиқызы «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінде та­мыры тереңге жайылған Досхожаевтар әулеті үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке адалдық пен отбасы алдындағы жауапкершілікті берік ұстанып, осы құндылықтарды кейінгі буынға аманат етіп келеді.

Ал ІІІ орын қызылордалық Бимұратовтар отбасына берілді. Әулеттің ақ жаулықты анасы Үбіжарова Ұлмекен – Ұлы Отан соғысы жыл­дарында тылда еңбек еткен ардагер, «Батыр ана» атанған аяулы жан. Саналы ғұмырын отбасы мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол бүгінде үлкен әулеттің берекесін ұйыстырып отырған қадірлі ана. Бимұратовтар шаңырағында үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбексүйгіштік пен отбасылық бірлік секілді құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Сонымен бірге әр шаңырақтың өзіндік бол­мысын, еңбегі мен тәлімін айшықтайтын арнайы номинациялар табысталды. «Ұлағатты отбасы» ата­лымына аралдық Жұмағалиевтер, «Берекелі отбасы» аталымына қазалылық Шахмарановтар ие болды. Қармақшы ауданынан Тортаевтар отбасы «Бәйтерек отбасы», Қиясовтар отбасы «Кемел отбасы» аталымымен марапатталды. Жалағаштық Түлековтерге «Жігерлі отбасы», Ахметовтерге «Ынтымақты отбасы» атағы берілді. Сырдария ауданынан Бисеновтер отбасы «Еңбекқор отбасы», Бұрхановтар отбасы «Өнегелі отбасы» аталымын иеленді. Шиелілік Әбішовтер «Мәуелі отбасы», жаңақорғандық Ақылбековтер «Үлгілі отбасы», Әуелбековтер «Өнерлі отбасы» атанса, Қызылорда қаласынан қатысқан Бодановтар отбасына «Шуақты отбасы» номинациясы табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сый­лықтар мен қаржылай сертификаттар беріліп, сал­танатты жиын мерекелік бағдарламаға ұласты.

Мерейі тасыған отбасы – мемлекеттің де мерейі. «Мерейлі отбасы» – жүлде үлестірумен шектелетін жарыс емес. Оның түпкі мұраты – әулеттің абыройын асырған әке мен ананың еңбегін елге таныту, берекелі тұрмыстың арқауындағы сыйластық пен жауапкершілікті жас ұрпаққа үлгі ету. Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген бір ауыз сөзінде үлкен тағылым жатыр. Өйткені елге деген сүйіспеншілік те, еңбекке деген құрмет те, адамға деген мейірім де ең алдымен қарашаңырақтың табалдырығынан бастау алады. Берекесі мен бірлігі жарасқан Құтмамбетовтер, Бәкіровтер, Досхожаевтар, Бимұратовтар және өзге де өнегелі әулеттердің бүгінгі жетістігі – соның айқын көрінісі. Шаңырағы биік, керегесі кең, ұрпағы ұлағатты отбасылар көбейген сайын елдің де еңсесі биіктей бермек. Себебі отбасының мерейі – Отанның мерейі.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»