Киелі мекеннің рухани қазынасын сақтап, насихаттап отырған мәдени орындардың бірі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылдың 7 ақпанында құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған музей тұрағы 1890-1896 жылдары салынған Перовск-Қазан-Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болды. 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша екі қабатты ғимаратқа көшіріліп, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастады. Бұл ғимарат – 1953 жылы салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі. Облыстық музей құрамында 11 филиал, Ақмешіт музейі мен С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жұмыс жасайды. Қорында 70 мыңға жуық экспонат сақталған.
Сексен бес жылдық тарихында музейге алғаш рет заманауи ғимарат салынып, 2025 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Жаңа нысан арнайы қор сақтау қоймаларымен жабдықталған.
Сандық және мультимедиялық технологиялармен жарақталған 11 экспозициялық залдан тұрады. Ғимарат аумағы – 3366 шаршы метр, экспозициялық залдарға 2000 шаршы метр берілген.
Жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы (ғарышты игеру), Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетілген. Эскпонаттарды LED экран, галограмма, TOUCH панельдер, SMART витрина, видеопроекция, интерактивті инсталяция, 3D-тур, жасанды интеллект элементтері арқылы таныстыруға мүмкіндік алды.
Келушілерге қызықты тақырыптар бойынша өз бетінше ақпаратты таңдауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер (3 тілде – қазақ, орыс, ағылшын), тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар қойылған.
XXI ғасыр – цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезең. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды одан әрі дамыту және жасанды интеллектіні жаппай ендіру мақсатында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Үкіметке атаулы жылға қатысты шаралар қабылдауды тапсырды.
Жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірі тарихи мұраны зерттеу, сақтау және көпшілікке таныту ісін түбегейлі өзгертіп жатыр. Әсіресе музей саласында жаңа технологиялар ғылыми талдауды тереңдетіп, келушілерге интерактивті әрі әсерлі тәжірибе ұсынуға мүмкіндік беруде. Болашақта музейлер тек экспонат сақтайтын орын емес, цифрлық зертхана, интерактивті білім беру орталығы және мәдени коммуникация платформасы ретінде дамиды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде мәдениет пен өнердің рөлі ешқашан төмендемеуі тиіс екенін, осы салада инфрақұрылымды жаңғырту мен мәдени мекемелерді заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігін нақты атап өтті. Бұл – ұлттың рухани негізін нығайтуға бағытталған маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім екені сөзсіз. Бүгінгі музей – жай ғана жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, ол – тарих пен болашақты жалғайтын, заманауи технологиямен жабдықталған, жас ұрпақпен интерактивті байланыс орнататын жаңа форматтағы мәдени орта.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында мәдениет саласындағы цифрландырудың маңызына ерекше тоқталды. Министрдің айтуынша, цифрландыру тек есеп жүйесін жаңартумен шектелмейді. Бұл – ұлттық мұраны сақтау, оны кең ауқымда таныту және келешек ұрпаққа жеткізудің ең тиімді заманауи тәсілі.
Сонымен қатар, министр мәдениет пен өнер шекарасыз болуы үшін цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін жеткізді. Кейінгі жылдары елімізде осы бағытта, яғни мәдени нысандарды цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Осы сөзіміздің айқын дәлелі – биыл іске қосылған E-museum веб-порталы. Бұл Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы болмақ. Платформа арқылы қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгіде, интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында қор электронды форматта үздіксіз жаңартылып отырады.
Қазіргі таңда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа компьютерлік технологиялармен бірге дамып келеді. «Табиғат және палеонтология» залында Сыр өңірінің флорасы мен фаунасы және Арал өңірінің суасты әлемі қамтылған арнайы TOUCH панель қойылған. «Археология» залында Сыр өңірінің брендіне айналған Түгіскен көсемінің қару-жарақтары туралы мәліметтерді қамтитын SMART витрина орналасқан. «Қазақ хандығы» залында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ЖИ-мен жасалған TOUCH панель, ер қаруы – бес қару, қазақ батырларының пайдаланған қару-жарақтарының ЖИ-мен жасалған SMART витринаны көруге болады. Сонымен қатар, XVIII ғасырдың бірінші жартысында болған Бұланты шайқасы туралы арнайы 5D инсталяция орын алған.
Сыр елі қазақтарының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен, қолданбалы өнерінен хабар беретін «Этнография» залында қазақ халқының зергерлік бұйымдар коллекциясы туралы арнайы видеопроектор, бүркітшінің аңға шыққандағы гиперреалистік бейнесі қойылған.
«Ерлік және даңқ» залында тарихи шынайылықты сезіндіретін майдан даласындағы ЖИ-мен жасалған жауынгер бейнесін көруге болады.
«Алаш-кеңес зиялылары» залында 1917 жылы құрылған қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттігін жаңғырту жолында күрескен Алаш зиялыларының 2D форматта тұлғалық портреттері жасалған.

Әлеуметтік желідегі Tik Tok парақшасынан ЖИ-мен жасалған музей қызметкерлерінің видеосын көруге болады.
Музейдің басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларымызды ғылыми-танымдық тұрғыдан жүйелеп, көпшілікке қолжетімді ету, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды саналы түрде жеткізу.
Алдағы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген үш жылдық жоспар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тиесілі Е-museum.kz веб-порталы одан әрі жетілдіріледі. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – музей заттарының 3D үлгілерін жасау.
Осы орайда, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі де E-museum веб-порталында жұмыс жүргізуде. Сайттан экспонаттардың 3D үлгілерін және 360 градус виртуалды турды үйде отырып-ақ тамашалауға болады.
Қазір көптеген музей виртуалды турлар ұсынады. Мысалы, The Metropolitan Museum of Art онлайн көрмелер ұйымдастырып, әлемнің кез келген нүктесінен келушілерді қабылдайды. Бұл мәдени мұраның қолжетімділігін арттырады.
Болашақта музейлер инновациялық, цифрлық және жаһандық мәдени орталыққа айналады. Мұндай жаңашылдықтар келушілер санын арттырып, жастардың қызығушылығын күшейтеді.
Ұлпан ШАҒАН,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері





