Бұған дейін облыс әкімі қаланың шағын аудандар тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін тазалық пен абаттандыруға байланысты нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Тұрғындар Абай даңғылы бойындағы №62 үйдің ауласына балалар ойын алаңын салып беруді және ауланы жарықтандыруды сұраған.
Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен қала әкімі Нұржан Ахатов қаланың шағын аудандарын аралау барысында кезінде берілген тапсырмалардың нәтижесімен танысты. Аймақ басшысы бұл жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін ескертті.
«Астана», «Арай» шағын аудандары мен сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығы, абаттандырылуы тексерілді.
Аяқсу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Н.Назарбаев даңғылындағы насос қондырғысы мен құбырлар іске қосылып, Бөкейхан көшесінің Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым болатын арық жүйесіне аяқсу берілді. Яссауи мен Шүкіров көшесінің қиылысына насос қондырғысы орнатылып, Бөкейхан көшесінен Ғ.Мұратбаев көшесіне дейінгі аралықтағы бір шақырымға тарта арыққа да су жіберілді.
Жалпы қаладағы 68 көшеде 98,6 шақырым арық жүйесі бар.
«СБ» ақпарат





