Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы 7 айдың қорытындысымен облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өскенін, барлық салада оң динамика қалыптасқанын атап өтті.
«Дегенмен, тау-кен өнеркәсібінің 80 пайызға жуық үлесін құрайтын шикі мұнай өндіру жыл сайын төмендеуде. Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерді орындаудың қосымша тетіктерін қарастыруымыз қажет. Бұл ретте жауапты басқарма қала, аудан әкімдіктерімен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, тиісті шара қабылдаңыздар.
Құрылыс саласы бойынша Үкімет жеті айға бекіткен жоспар артығымен орындалды. Биыл мемлекеттік бюджеттен 106,5 млрд. теңге бөлініп, 140 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бюджет есебінен және бюджеттен тыс салынып жатқан нысандардың айлық, тоқсандық, жылдық есебін толық ұсынуды тапсырамын.
Бұдан бөлек, көлік және қоймалау көрсеткіші 16,4 пайызға артты.Үкімет бұл салаға 107 пайыз деңгейіндегі меже қойды. Жауапты басқарма көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуі қажет.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде 2027-2029 жылдарға арналған өңірдің даму болжамын бекітуіміз керек. Облыстық басқармалар, қала, аудан әкімдіктері, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына арналған жоспарды 1 қазанға дейін әзірлеп, бекітуге ұсыныңыздар.
Жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Биыл аймақтағы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5 млрд 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 8,7 шақырым жылу желісі жаңғыртылып, №1 және 2 газтурбиналық қондырғыға күрделі жөндеу, 1,3 шақырым жылу желісі мен 1 қазандық, 1 турбина және 10 автономдық қазандыққа, негізгі және қосалқы қондырғыларға жөндеу жүргізілуде. Ал 7 млрд. 600 млн теңге 460 шақырым электр желілері мен 134 қосалқы станцияны жөндеуге бағытталды. Облыстағы 1 074 әлеуметтік нысанның дайындығы 98 пайыз.
«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту басқармаларына қарасты ғимараттар жылу беру маусымына толық дайын болуы тиіс. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Қажетті көмірдің көлемі 80 мың тонна, тұрғындар үшін 68 мың тонна, ал әлеуметтік нысандар үшін 12 мың тонна керек. Жауапты басқарма, қала және аудан әкімдіктері, көмір қорын белгіленген мерзімде толық жасақтауды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте оқушылардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Адрамановтың айтуынша, облыстағы 962 білім беру ұйымы жол желісіне жақын орналасқан. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының маңына заманауи талаптарға сай жол белгілері мен жол таңбаларын орнату ұсынылды. Сонымен қатар жаңа оқу жылының басталуына байланысты көлік ағынының артуы ескеріліп, қала орталығындағы көшелерге қосымша жол қозғалысын реттейтін құрылғылар қою жоспарланып отыр.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






