ІІМ: Елімізде жыл басынан бері 17 есірткі зертханасы жойылды

2

0

Фото: gov.kz

Биылғы жылдың алғашқы жеті айында елімізде 4,5 мың есірткіге қатысты құқық бұзу тіркелді.

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы күрес және оның алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында елімізде 4,5 мың есірткіге қатысты құқық бұзу тіркелді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 17 синтетикалық есірткі өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды.

Сонымен қатар 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды. 9 ұйымдастырушы мен 41 қатысушы ұсталды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл барысында заңсыз айналымнан 865 келі есірткі заты тәркіленді. Бұл — миллиондаған доза есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмегенін білдіреді. Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан бері 55 кәмелетке толмаған бала ұсталды. Олардың 32-сі есірткі өткізумен байланысты әрекеттерге қатысы бар. 

Есірткі қылмысының алдын алу бағытында профилактикалық жұмыс та күшейтілді. Уәкілетті органдар 2 миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған 14 мыңнан астам іс-шара өткізді. Ақпараттық кеңістіктегі түсіндіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы тақырыпта 24 мыңға жуық жарияланым жарық көрді. Сонымен қатар есірткі бизнесінің қаржылық негізін жоюға бағытталған шаралар қабылдануда. 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталды.