Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжілісі өтті. Мәжілісте Жалағаш ауданының 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен аудан бюджетінің жобасы қаралды.
«Қазіргі таңда 2027-2029 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте тұрғындардың сұранысына сәйкес инфрақұрылым, жол, құрылыс, жарықтандыру және елді мекендерді газдандыру жобаларын дайындау, сондай-ақ дайын жобаларды қаржыландыру жұмыстарын қатаң тапсырамын. Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және оның сапалы игерілуі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Қаржыны тиімді жоспарлап, оның сапалы игерілуі аймақ басшысының да тікелей бақылауында. Сондықтан жоспарланған қаржылардың 100 пайыз игерілуін қамтамасыз етіп, дебиторлық және кредиторлық берешектерге жол бермеу қажет», – деді А.Ибраимов.
Республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға жалпы сметалық құны 2 млрд 451,8 млн теңгені құрайтын жобалар облысқа ұсынылды. Атап айтқанда, Бұқарбай батыр, Қаракеткен және Далдабай елді мекендеріне газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін одан әрі жалғастыру жобалары қарастырылған.
Сонымен қатар, электрмен жабдықтау және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жалпы құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаның жеңімпаздары анықталған.
Жиын қорытындысымен тиісті сала басшыларына бюджет қаражатын тиімді жоспарлау, жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету және бөлінген қаражатты толық игеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі





