Қызылорда облысында бір айға созылған сайлауалды науқан аяқталғаннан кейін «Әділет» партиясының жастар штабының белсенділері қоғамдық бастамаларға атсалысуды жалғастырды. Науқан барысында атқарылған жұмыстармен қатар, одан кейінгі тазалыққа да мән беріп, «Таза Қазақстан» акциясына қатысты.
Сайлауалды кезеңде облыс аумағына берілген 74 мың плакат ақпараттық тақтайшаларға, сондай-ақ рұқсат етілген сауда орындары мен нысандарына орналастырылды. Науқан аяқталған соң жастар плакаттар орналасқан аумақтарды аралап, оларды алып, орындарды тазалап, айналаны ретке келтірді.
Бұл жұмыс Қызылорда қаласымен қатар, аудан және ауылдық елді мекендерде де ұйымдастырылды. Тазалық шарасына облыс бойынша 320 белсенді жұмылдырылды.
Жастар штабының белсендісі Абзал Жолтеректің айтуынша, бұл бастама сайлауалды жұмысты жауапкершілікпен аяқтаудың бір бөлігі.
«Бір ай бойы жастар штабының белсенділері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарды. Науқан аяқталғаннан кейін де жұмысымызды соңына дейін жеткізуді маңызды деп санадық. Өзіміз барған орындарды таза әрі жинақы қалдыру – ортақ жауапкершілік. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясында плакаттар орналасқан аумақтарды тазалап, ретке келтірдік», – деді Абзал Жолтерек.
Жастардың бұл бастамасы қоғамдық жұмысқа жауапкершілікпен қараудың және туған өлкенің тазалығына үлес қосудың нақты үлгісіне айналды.





