Фотоөнер өлмейді немесе Жозефпен сырласу

5

0

Жуырда Дүниежүзілік фотография күні өтті деген хабар естіліп қалды.

Қырық бес жыл баспасөздерде үзіліссіз фототілші болып, 2014 жылы зейнетке шыққан марқұм Болат аға Омарәлиевпен жиі әңгімелесетін едім. Сол кісі: «Жәңгір ханның, Құнанбайдың, Шоқан Уәлихановтың фотоаппаратпен түскен суреттері бар» дейтін.

Б.Омарәлиев 1979 жылы «Социа­лис­тік Қазақстан» газеті жариялаған фо­то­конкурстың бірінші бәйгесін жеңіп ал­ған. Одан кейін де республикалық ба­­сы­лымдар жариялаған бәйгелердің же­­ңімпазы болған. Кезінде КСРО-ның аты­нан ат үркетін «Советское фото» жур­­налы, «Известия» газеті Омарәлиев түсірген бірнеше суретті көшіріп беріп, өз пікірлерін де жариялаған.

Осы өнерге күллі өмірін арнаған адам­ның білетіні де көп еді. Бірақ, бар­дың қадірін жоқта іздейтін мен бірінші ақымақ емеспін. Күнделікті күйбең, күй­кі тірлік сөзінен асып, ағамыздың кеу­десіндегі маржандарын сүзіп алып қал­мағанымыз-ай, ә… Ол кісі тарихи тұл­­ға­лардың түсірілген суреттері туралы айтқанда, сөзіне тағы бір нәрселер қос­қысы келген шығар, қалды енді, солай…

Қазір алдымызда «Google» деген тұң­ғиық тұр, керегіңді тауып береді. Мен де сол білгіштің көмегін алдым. Одан мы­надай деректер шықты: «Жәңгір хан мен оның жұбайының (1840), Шоқан Уә­лихановтың (1847) және Құнанбайдың (1853) фотопортреттері сақталған».

Негізі фотоөнердің тарихы 1826 жыл­дан бастау алады екен. Сол жылы фран­цуз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс деген кісі өзі түсірген алғашқы суретін жариялаған. Егер биылғы жылды адамзат фотоөнеріне екі жүз жыл десе жарасады.

Фотоөнердің қазаққа келуі де сол кезеңнің айналасы. 1840 жылы Жәңгір хан Ордада мектеп ашып, оқушыларды су­ретке түсіру үшін фотограф жалдапты. Сол кезде жеті жасар Шәңгерейді осы өнерге баулыған.

Шындығында, зерттеушілердің пікі­рін­ше, қазақтың тұңғыш фотографы Жәң­гір ханның немересі Шәңгерей Бө­кей­ұлы болып есептеледі екен. Айтса айт­қан­дай, оған дейін мына кісі түсіріпті деген фотосуретшінің есімі еш жерде жоқ.

Шәңгерей Орынбордағы кадет корпусында оқып, офицер шенін алған. Орыс патшасының негізгі ойы түсінікті. Қа­зақты және басқа Орта Азия елдерін бодандықта ұстау. Мұны әріден сезген Шәңгерей: «Мен халқымды жазалау үшін емес, ағарту үшін білім алдым» деп оқуын тастап кеткен.

Шәңгерей өте зерек, білімді болған. Өзі де өлең жазған, орыс ақындарының шығармаларын да қазақшаға аударған. Мысалы, М.Лермонтовтың «Беглец» по­весін қазақ тілінде сөйлеткен.

Сондай-ақ, ол мектеп ашып, оған ұс­таздық ету үшін көп тіл білетін ағар­тушы, кейін қызыл өкімет қолынан қа­за болған атақты Ғұмар Қарашты ша­қырған.

Ең бір қызығы, 1901 жылы Бөкей Ор­дасының 100 жылдығына орай, қазақ даласын ағартудағы еңбегі үшін ІІ Николай патша Шәңгерей Бөкейге фотоаппарат сыйлаған. Осыдан кейін өзі бұрыннан жақсы білетін фотография өнері оның сүйікті ісіне айналған.

Негізі фотосуретке түсіру – бекзат өнер­дің бірі. Қазір фотоаппарат әрбір смарт­фонда бар, сондықтан әркім-ақ суретке түсіре алады. Бірақ, қалай? Ол табиғат сұлулығын, адамның жүзінен оқылатын жан дүниесін мінсіз етіп көр­сете ала ма? Жоқ, бар болған күнде ондайлар тым аз.

«Суретке түсірудің негізгі екі әдісі бар. Бірі – бейненің арнайы назарын ау­дарту, екіншісі – тосыннан түсіру. Осы­ның екеуіне де фотографтың шеберлігі қажет, ең бастысы, өз нысанасын сезіне білуі қажет» дейтін еді, Болат ағам.

Мен өзім оқушы кезімде «Зоркий» деген фотоаппаратпен суретке түсірдім. Қараңғы бөлмеде отырып, түнімен су­рет шығаратынбыз. Әуресі көп, бірақ, алу­шылардың қызығушылығы шарша­ға­ныңды ұмыттырып жібереді.

Осы күні суретке ынтам кеміді. Суретке түсіру оңай, кез келген жерде. «Адам суретке түскен сайын, соған бе­ріліп, жаны кеми береді» дейтін еді, бір молдалар. Ай, біздің мүрдем кететін кезіміз келді…

Бір жылы «Тойда түсірілген суреттер» деген мақала жаздым. Фотограф әр мейрамханада жүр, қонақтарды дастарқан басына қаз-қатар тізіп қойып түсіреді де, солғын қылып шығарып қолыңа ұс­татады, ақысы бар, әрине. Үйге әкеліп тастай саласың, үйіліп жата береді. Ол суреттерде сезім жоқ, тек «әдемі болып тұрмын ба» деген жасандылық қана бар. Астындағы жазуын алып тастасаң, қайда тұрғаның белгісіз, ештеңені еске түсіре алмайды.

Қайран, Жозеф екі жүз жылдан ке­йін өзің ойлап тапқан өнердің қадірі тү­седі деп ойламаған шығарсың. Алайда, қуанышың да қуармасын, қоғам өмірінде өтпелі кезең деген бар.

Біз фотосурет өнеріне қайта ораламыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»