Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Осы мақсатта «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның басты мақсаты – балаларды жолдағы қауіптен қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру. Оқу жылы басталар алдында мектептер мен білім беру ұйымдарының маңында бақылау күшейтіледі.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырды. Әсіресе, балалардың жолға күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін екенін әрдайым ескеру маңызды.
– Қазіргі уақытта мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексерілуде. Сонымен қатар мектеп автобустары мен балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігі де бақылауға алынған, – делінген ІІМ мәліметінде.
Тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді.
ІІМ ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін күн сайын еске салып отыруға шақырады. Балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіздік талаптарын сақтауды үйретудің маңызы зор.
Ведомство балалардың қауіпсіздігі баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.






