Қазалы ауданында ел өміріндегі маңызды саяси науқанға жұртшылықпен бірге ғасырдан асқан ғұмыр иесі 102 жастағы София Сағымбай да қатысып, өз таңдауын жасады.
Жасы жүзден асқан кейуананың ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ғасырдан астам уақытты артқа тастаған София әженің өмір жолы ел тарихындағы талай кезеңмен сабақтас.
Бүгінде ақ жаулықты ана ұрпағының амандығын, елдің тыныштығы мен берекесін тілеп, маңызды науқаннан тыс қалмады.
Әйтеке би кентіндегі №362 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері кейуананың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы үйіне барып, өз таңдауын еркін білдіруіне мүмкіндік жасады.
«Ғұмырымда талай заманды көрдім. Елдің тыныштығы мен бірлігі ең үлкен байлық. Бүгін үйіме арнайы келіп, дауыс беруіме жағдай жасаған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Әрбір адам елінің болашағына алаңдап, өз таңдауын жасауы керек.
Жастарымыздың жолы ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел басқарған азаматтар халықтың қамын ойлап, елге қызмет етсін. Ұрпағымыз ынтымақты, берекелі заманда өмір сүрсін», – деді 102 жастағы София Сағымбай.





