Сырдария өзенінде екі ағайынды жігіттің суға батып кеткені хабарланды. Оқиға 22 тамыз күні шамамен сағат 14:00-де болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, Сейдан Жәлімбет Темірәліұлы мен Сейдан Жанболат Темірәліұлы өзен ағысына түсіп кеткен.
Марқұмдардың досы Facebook парақшасында жазба жариялап, іздестіру жұмыстарына қосымша күш пен техника тартуды сұраған.
«Сейдан Жәлімбет Темірәліұлы мен Сейдан Жанболат Темірәліұлы кеше түскі сағат 2-лерде Сырдария өзені ағысымен суға батып кетті. Құзырлы мекемелер, Түркістан облысының төтенше жағдай басқармасы қосымша көмек жіберіп, водолаздар мен қайықтар яғни техника жіберіп, жұмыла кірісулеріңізді сұраймыз», – деп жазды ол.
Әзірге оқиғаның нақты мән-жайы мен іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы ресми толық ақпарат жарияланған жоқ.






